Біртанов: Цифрландырудың арқасында қағазбастылықтан арыла бастадық

25 Шілде 2019, 14:05
2159
Бөлісу:
Біртанов: Цифрландырудың арқасында қағазбастылықтан арыла бастадық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы аптада пилоттық режимде еліміздегі әр азаматтың электронды паспорты жасалды. eGov.kz сайтына кіру арқылы электронды жазбаларыңызды қарап, қандай медициналық мекемеден қандай ем алғандарыңыз туралы мәлімет алуға болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. 

Елімізде цифрландыру шаралары өте жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Цифрландыру - әр азаматтың медициналық қызмет алуы үшін, бұл қызмет түрінің сапасын көтеру және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін керек. Жүйелі цифрландыру болашақта медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізуге ықпал етеді. 

"Біздің мақсат - әр адамның өзінің денсаулық жағдайы туралы мәліметті порталдан көріп отыруына мүмкіндік беру. Жақын арада электронды паспорттардың мобильді нұсқасы дайын болады. Ол жерден осы уақытқа дейінгі барлық мәліметті көре аласыздар. Ал жаңа жылдан бастап электронды паспорттар онлайн режимде жаңартылатын болады", - дейді Елжан Біртанов.

Денсаулық сақтау министрі электронды паспорттың не себепті онлайн редимде жұмыс істейтінін түсіндірді.

"Бұл - ақпараттың ашықтығы үшін керек. Тегін қызмет көрсететін кез келген медициналық мекеме құжатты электронды формада толтыратын болады. Осы жұмыстар нәтижесінде емханалардың жұмысын тұрақтандырып, қағазбастылықтан арыла бастадық. Ең бастысы - барлық медициналық қызмет түрлері мен тегін берілетін дәрі-дәрмектерді тіркедік", - дейді ол. 

Сондай-ақ, Елжан Біртанов 2018 жылы цифрландырудың арқасында айтарлықтай қаражат үнемделгенін айтты. 

"Бұл қаражат қажетті қосымша дәрі-дәрмектерді алуға жұмсалды. Бұдан бөлек, тегін дәрі-дәрмек алушыларды цифрландырған кезде мынадай жағдай болды: бір жылға 120 млрд теңгенің дәрі-дәрмегіне тапсырыс берген әкімдіктер 14,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмегінен бас тартты. Үнемделген қаражат тиісті жерлерге: жаңа медициналық учаскелер мен медициналық жедел жәрдем қызметін қаржыландыруға  жұмсалды", - дейді министр.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жарақат алған қорықшыға қатысты пікір білдірді
Өзгелердің жаңалығы