Біртанов Атыраудағы дәрігерлер ісі жайлы: Баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болар еді

7 Қазан 2019, 13:56
8815
Бөлісу:
Біртанов Атыраудағы дәрігерлер ісі жайлы: Баланың өлімі туралы жазбаны өзгертуге болар еді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тергеудің алдын ала қорытындысы бойынша, компьютердегі жазбаны өзгерте алмайтындықтан, дәрігерлер баланы аман алып қалғысы келмеген. 

Атыраудағы бала өліміне қатысты Үкімет кулуарында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсініктеме берді. Оның айтуынша, сәбидің өлімі туралы жазбаны өзгертуге болар еді.

"Үш күннен кейін құжаттар толығымен жабылады. Яғни біреу жазуды енгізіп, оны қайта жөндей алмайды деуге келмейді, өйткені мұндай жүйеде жоқ", - деді Елжан Біртанов. 

Оның сөзінше, қазір Атырауда денсаулық сақтау вице-министрі бастаған комиссия жұмыс жасауда. 

"Біз ол жаққа медициналық ғылыми орталықтардың жетекші мамандарын жібереміз. Барлық жағдайды толық көруіміз керек. Өйткені тамыз айында Атырау облысында бала өлімі көрсеткішінің өсуі байқалған. Осыған сәйкес Президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын", - деді министр.
  
Министр сәби өліміне қатысты бақылау мәселесі оның тікелей күнделікті қарауында екенін айтты.

"Күнде таңертең маған қанша сәби дүниеге келгені және қаншасы шетінегені туралы ақпарат береді. Егер сандық көрсеткіштер арасында айтарлықтай ауытқу байқалса, жедел түрде бұл мәселе қаралады", - деді Біртанов.

Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанда Атырауда облыстық перинаталдық орталық дәрігерлері қамалған болатын. Дәрігерлер жаңа туған сәбиді суық камерада өлтірді деген күдікке ілініп отыр.

Өзгелердің жаңалығы