«Өкінішке қарай, жағдайы өте қиын». Біртанов арыстық бала туралы айтты

5 Шілде 2019, 15:57
4000
Бөлісу:
«Өкінішке қарай, жағдайы өте қиын». Біртанов арыстық бала туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық министрі Елжан Біртанов Арыстағы оқиғадан кейін әлі күнге дейін жан сақтау бөлімінде жатқан балалардың жағдайы туралы айтып берді. 

Журналист баспасөз мәслихатында комада жатқан Аян Шәріпбаевтың жағдайын сұрады. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Иә, аталған пациент ең ауыр жағдайдағы науқас болып отыр. 7 жасар бала Нұр-Сұлтан қалалық балалар ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Бұл аурухана – жоғары мамандандырылған медициналық орталық. Ауыр жарақаттар сол жерге жеткізіледі. Науқастың жағдайына қарап осы жерге жеткіземіз деп шештік. Диагнозы – өте ауыр ми жарақаты. Бас миы зақымдалған. Арыс қаласындағы жарылыс кезінде көліктің астына түсіп жарақаттанған», - деп айтты Денсаулық сақтау министрі.

Біртанов балаға ең алдымен Шымкент қаласында операция жасалғанын, жағдайы қиын болғаннан кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары деңгейдегі балалар ауруханасына жеткізілгенін айтты. 

«Қажетті медициналық ем көрсетілді. Бірінші күннен өзімнің бақылауымда. Қажетті барлық мамандар баланы қарап, міндетті түрде консилиум жасап маған ақпарат беріп отыр. Қолымыздан келетін шараларды істеп жатырмыз. Науқастың жағдайы тұрақталады деп үміттенеміз. Өкінішке қарай, жағдайы өте қиын», - деді ол.

Журналист министрге баланың ата-анасының «алғашқы жәрдем көрсетілмеді» деген сөзін жеткізді. Алайда мұны министр жоққа шығарды. Біртанов жаң сақату бөліміндегі екінші баланың да жағдайы туралы ақпарат берді. 

«11 жасар екінші баланың жағдайы қалыпты. Есін жиды, қазір жақсарып келеді», - деді ведомство басшысы.

Өзгелердің жаңалығы