Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті

24 Маусым 2019, 09:36
4159
Бөлісу:
Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кеше елордада журналистердің кәсіби мерекесіне орай бильярдтан жазушы, журналист, ғалым, профессор Ақселеу Сейдімбектi еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир өтті. 

Биылғы турнирдің басты ерекшелігі «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында өткізілуі болды.Ұйымдастырушылар мұны кезінде Ақанның «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде еңбек етуімен байланыстырып отыр. Ол кісі 1976-1983 жылы осы газеттің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. 

Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті

Заманымыздың бітім-болмысы биік заңғар ұлдарының бірі болған Ақселеу Сейдімбектің турниріне өзінің көзі тірісінде бірге жүрген жолдастары мен шәкірттері, еліміздің белгілі журналистері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Жарыстың ережесі бойынша турнирге әдеттегідей қатысушылар «Ағалар» және «Жастар мен жасамыстар» болып екі топқа бөлінді. «Ағалар» тобында тек жасы алпыстан асқан азаматтар болды. Бұл топта жазушы, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, ғалым, ф.ғ.д. профессор, публицист Намазалы Омашев, белгілі ғалым әрі жазушы Қойшығара Салғара, жазушы, экс-мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, президенттік сайлауға қатысқан Сәдібек Түгел, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман және басқа да елге белгілі азаматтар болды.

Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті

Ал «Жастар мен жасамыстар» тобында  жарыстың табысты өтуіне зор үлес қосқан журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ,  Дәулеткерей Кәпұлы, Аманжол Әлтай, Талғат Ешенұлы, Еркебұлан Қайназар секілді ақындар, Әлімжан Сабыржанұлы, Нұрділдә Ораз бастаған журналистер бақ сынады. 
Іріктеу кезеңі ұзаққа созылды. «Ағалар» тобынан финалға Намазалы Омашев, Сәдібек Түгел суырылып шықты. Аса тартысты өткен кездесуде Н.Омашев жеңіске жетті. Үшінші орын «Еуразия-ақпарат» орталығының директоры Кенже Жұмағұловқа бұйырды. 

«Жастар мен жасамыстар» арасынан іріктеу сындарында 16 ойыншы қара үзіп шықты. Одан кейін 1/8 финал өтті. Сосын ширек финалда 8 мықты өзара кездесті.  Олар: «Казахстанская правда» газетінің фото-тілшісі Мақсұт Қабышұлы, ақын Талғат Ешенұлы, журналистер – Базарбек Түкібаев, Әлімжан Сабыржанұлы және Нұрділдә Ораз, ЕҰУ ұстазы Қайрат Сақ, фототілші Шүкір Шахай. 
Бұл жолы фототілші Мақсұт Қабышұлының ойыны жүрді. Кейбір ойында есепте қалып келе жатса да, камбэк жасап жеңісті жұлып алып жатты. Финалда ақын Талғат Ешенұлымен екі партия ойнап, екеуін де ұтты. Үшінші орын Нұрділдә Оразға бұйырды.
Финалға дейін жеткен Талғат Ешенұлы дайындығы аз болғанын айтады. Бірақ соған қарамастан Ербол Ерденбек, Қайрат Сақ, Нұрділдә Ораз секілді мықтыларды ұтып, екінші орынға қол жеткізді. 

Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті

Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Қажығали Мұxамедқали, Әлімжан Сабыржанұлы жеке әр түрлі номинацияларға ие болды.   

«Мұндай дәстүр өркениетті елдердің бәрінде бар. Аста-төк той, киіз үй тігу деген болмайды. Оларда ғылыми конференция немесе спорттық жарыстар өтеді. Сондай дәстүр біздің арамызға да кіріп жатыр. Бұл бір жағынан өте пайдалы. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмеуі керек. Жастарды көріп жатырмыз. Әңгімелесеміз, білісеміз. Бұл турнирдің ұлттық бірлікке қосатын үлесі зор.Ақселеу өмір бойы «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» секілді газеттерде істеді. Тек кейінгі жылдары болмаса. Сондықтан бұл турнирді журналистер күнінде әріптестері арасында өткізу заңды. Ақселеу шын мәнінде журналист болды. Тіпті, журналистігі басым болды деп ойлаймын. Өте маңызды мереке деп есептеймін», - дейді мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік.

Бильярдтан Ақселеу Сейдімбек атындағы дәстүрлі турнир өтті
Өзгелердің жаңалығы