Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр. Конференцияның пленарлық отырысына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жоғары білім мәселесін көтерді.«Әр ата-ана балаларының жоғары білім алғанын қалайды. Бұл орынды тілек. Дегенмен бүгінгі кездегі одан да өзекті мәселе – болашақ түлектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын сапалы біліммен қамтамасыз ету қажет. Оқу үрдісінің сапасын арттырмай, білім гранттарының санын көбейту жақсылыққа емес, жаман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сондықтан жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздеп жүріп, оның девальвациясына жол бермеу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке мемлекеттік гранттардың құны мен оның қазіргі заманға сай-сай еместігін мұқият зерттеуді тапсырды.
Бұған дейін Қазақстан басшысы ұстаздардың жалақысын екі есе өсіруді және ауыл мектептеріне үздік менеджерлер мен педагог мамандарды тартуды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Тоқаев реформаларда мұғалімдердің нақты қажеттіліктері есепке алынбай қалатынын айтып, шара барысында үздік ұстаздарды марапаттаған еді.
Атап өтсек, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.
Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылуда.
Еске салсақ, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.