Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығын кім алды

26 Маусым 2020, 09:53
3034
Бөлісу:
Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" сыйлығын кім алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған онлайн-марафон барысында қазақстандық журналист, тележүргізуші, қоғам қайраткері Бейсен Құранбек атындағы "Жігер" журналистикалық сыйлығы лауреаттарының есімдері белгілі болды.

Байқаудың басталуы 2020 жылдың 26 мамырында жарияланған еді.

Әлеуметтік тақырыптағы үздік сюжет номинациясын "Хабар 24" телеарнасының тілшісі Мерей Шомаханова алды. Тілші "200-ден аса елорда тұрғыны қаражатын қайтара алмай жүр" деген тақырыпта бейнематериал әзірлеген. 

Әлеуметтік тақырыптағы үздік мақала номинациясы бойынша үздік болып "Егемен Қазақстан" газетінің ШҚО облысы бойынша тілшісі Азамат Қасым танылды. Оның мақаласы "Созылмалы дертке ұшыраған орталық" тақырыбында жарияланған. 

Әлеуметтік тақырыптағы үздік фототуынды номинациясы бойынша Pavlodarnews.kz ақпарат агенттігінің фототілшісі Ольга Бугаева үздік атанды. Ол Семей қаласы әскерилерінің пандемиямен күресін суретпен өрнектеген. 

Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал номинациясы бойынша "Алматы" телеарнасының редакторы Ақжелең Рахатдинқызы "Қараусыз қалған қарияның мұңы" бейнематериалы үшін алды. 

Бейсен Құранбектің төл шәкірті Ақжелең Рахатдинқызы көзіне жас алып, естелік айтты. 

Шынымды айтсам, қазір кеудемде бірнеше сезім арпалысып тұр. Бір жағынан бұл қуаныш, екінші жағынан Бейсен ағаның атына осылай естелік айтып тұрамын деп ойлаған жоқпын. Диплом алып тәжірибеге келген кезде, Бейсен аға сенім артып, жұмысқа алып қалды. Сол сенімді ақтасам арманым жоқ. Бейсен аға бізге үздік өмір сүрудің үлгісін көрсетіп кетті. Жақсы маман, білікті басшы, рухани сырлас, әке, жар болудың үздік үлгісін көрсеткен адам. Бейсен ағаның шәкірті атағына ие болу үлкен жауапкершілік. Бұл сыйлықтың да жауапкершілігі ауыр деп ойлаймын. Ағамның сенімін ақтай алсам, арманым жоқ. Барлығы үшін рақмет айтамын. Ағамның алдында басымды игім келеді, - деп Ақжелең басын иді.
Жеңімпаздар арнайы "Жігер" статуэткасы мен 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 

Сондай-ақ, салтанатты шара кезінде әріптестерін бейнебайланыс арқылы шетелдік бөлімшелерде жұмыс істейтін отандық БАҚ журналистері, атап айтқанда, Майра Кабиева (АҚШ), Сергей Айсендер (Израиль), Юлия Тужилкина (Грузия), сондай-ақ, Жанат Эрнст (Бельгия) және Ғалымжан Қараманұлы (Ұлыбритания) құттықтады.

Жиын барысында іс-шараға қатысушылар 2020 жыл қазақстандық журналистер үшін тек коронавирус пандемиясымен күреспен ғана емес, сонымен қатар, жүздеген нағыз кәсіби шебердің адал еңбегі мен маңдай терінің арқасында жеткен жетістіктермен де есте қалатынын атап өтті. Сондай-ақ, биыл республикалық "Казахстанская правда" газеті 100 жылдық мерейтойын атап өтсе, "Хабар Агенттігі" АҚ-тың медиа нарыққа шыққанына 25 жыл толып отыр.

Өзгелердің жаңалығы