Бес қыздың өлімі: ІІМ өрттің неден шыққанын айтты

4 Ақпан 2019, 17:37
9136
Бөлісу:
Бес қыздың өлімі: ІІМ өрттің неден шыққанын айтты

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин бес баланың өмірін жалмаған өрттің неден шығуы мүмкін екенін айтты. 


«Өрт шыққан құрылыс нысаны уақытша тұруға арналған. Ол жерде сондай бірнеше нысандар бар. Үй – қайтыс болған балалардың анасының үлкен әпкесіне тиесілі. Алдын ала қорытындыға сәйкес, балалар иіс тиіп, қайтыс болған. Үйдің төбесі опырылып құлағанда барлығы ес-түссіз жатқан», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Сонымен қатар вице-министр алдын ала тергеу жұмыстарына сәйкес өрттің шығу себебін атады. 

«Далаға шығатын мұржаның асбест қаптасы болмаған. Содан ағаш шатыр өртенді. Алдын ала тергеу бойынша пеште қатты отынды жағу кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамаудан шығуы мүмкін. Балалар ата-анасының қарауынсыз қалған. Өрттің нақты себебін арнайы зертхана анықтайды», - деді ІІМ орынбасары.

Юрий Ильин балаларды қараусыз қалдырған ата-анасы жауапқа тартыла ма деген сауалға да жауап берді. 

«Балаларды қараусыз қалдыру бұл қаралатын баптардың бірі. Тергеу жүргізіледі. Әкесін не үшін шақырып алды, бұл тергеледі», - деп жауап берді ол.

Еске сала кетсек, 4 ақпанда түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды.

Назерке АБИБУЛЛА

Өзгелердің жаңалығы