Берік Уәлиден коронавирус инфекциясы анықталды

6 Маусым 2020, 22:37
1930
Бөлісу:
Берік Уәлиден коронавирус инфекциясы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлиден коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Өкінішке қарай, бүгін аса бір жайсыз жаңалықты жариялайын деп отырмын. Әлемді айналып, елімізді шарлап кеткен коронавирус індеті менен де табылды. Кеше тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже берді. Қазір ауруханада, дәрігерлердің қарауында жатырмын. Жағдайым бір қалыпты. Аса алаңдайтындай емес. Ем қабылдаудамын, – деп жазды.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрмағанын да жеткізді.
Басын ашып айтатын мәселе, Президент белгіленген кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысының денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемі тест тапсырып, қорытындысын алып отыр. Ақордада санитарлық режим күшейтіліп, қауіпсіздік шаралары қатайтылған, – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар,  Президенттің баспасөз хатшысы жалпы халықты карантин режимі мен профилактикалық шараларды ұстануға шақырады.
Осы індет басталғалы барлығымыз дабыл қағып, сақтануға, дертті жұқтырмаудың жолдарын қарастыруға шақырып келеміз. Бірақ пандемияға сенбейтін, ауруды жоқ деушілер азаймай тұр. Ондайда "Ауырған адамды көрсетіңдерші", "Менің танысымның бірде-бірі ауырған жоқ. Сонда онымен кім ауырып жатыр?", "Ауырған адамдардың аттарын неге атамайды?" деген сияқты пікірлерді жиі еститінбіз. Міне, мен дерт жұқтырдым, оны жасырмай жариялап отырмын. Мұндағы мақсат алаңсыз жүрген азаматтар ойлансын, сенбей жүрген кісілердің көзі жетсін дегенім. Ауру бар. Оны жұқтырушылардың саны күн сайын артып жатыр. Қанша жерден сақтық шараларын қатаң сақтап жүрсек те, біз де жұқтырдық. Енді емделу керек. Баршаңызды өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтау үшін карантин режимі мен профилактикалық шараларды ұстануға шақырамын. Пандемияға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Барлығыңызға амандық тілеймін!, – деп жазды Берік Уәли.

Өзгелердің жаңалығы