Баян-Өлгий аймағында 6 тәулікке карантин жарияланды

2 Мамыр 2019, 09:29
12619
Бөлісу:
Баян-Өлгий аймағында 6 тәулікке карантин жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолияның қазақтар қоныстанған аймағы Баян-Өлгийде 2 күннен бері 6 күндік карантин жарияланды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауына қарағанда, 28 сәуір күні Баян-Өлгий аймағына қарасты Ногоонуур ауданының Ақкөл қалашығында белгісіз аурумен екі адам сырқаттанады. Ерлі-зайыптылар 1 мамыр күні таңға жуық қайтыс болған.

Сырқаттардың неден қайтыс болғанын тексеру барысында олар оба ауруымен ауырғаны анықталды.

Осыған байланысты 1 мамыр күні таңғы сағат 6-дан бастап өңірде 6 тәуліктік карантин жарияланды.

Қазіргі кезде Баян-Өлгий аймағының Өлгий қаласына кірретін, шығатын барлық қозғалысқа шектеу қойылған. Сонымен қатар, Ресей мен Моңғолия арасындағы Ташанта-Қызыл үй шекаралық тексеру-өткізу бекеті де уақытша жабылды.

«Қазіргі уақытта оба (суыр дерті – ред.) ауруынан қайтыс болған екі адамнан басқа сырқат тіркелген жоқ. Бұл ауамен емес без арқылы жұғатын түрі. Яғни, сырқаттанған адамға байланыс жасаған, қарым-қатынаста болған адамдар ауыруы мүмкін. Сонымен қатар, сілекей арқылы, қан арқылы жұғатын түрі» - деп жазады жергілікті БАҚ.

Қазіргі таңда Баян-Өлгийдегі жағдай қалыпты, карантин әлі алынған жоқ. Шекара да жұмыс істемейді.
Өзгелердің жаңалығы