Баспана бағдарламаларына қатысу үшін халықтың тұрмыс деңгейі қандай болуы керек

18 Қараша 2019, 10:12
8263
Бөлісу:
Баспана бағдарламаларына қатысу үшін халықтың тұрмыс деңгейі қандай болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша халықтың табысына сай қандай жобаларға қатыса алатынын айтты.

Министр бағдарламаның Елбасы мен мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес әзірленгенін айта кетті. 

Бағдарламада 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық дамытудың және Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламаларынан жылумен, сумен жабдықтау және су бұру, коммуналдық секторды жаңғырту, үйлерді жөндеу мәселелері біріктірілген. "Бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру" атты бірінші міндеттің шеңберінде тұрғын үйге қолжетімділік сатысы енгізіледі. Айқындаушы фактор – халықтың табысы, - деді ол. 

1. Әрбір отбасы мүшесіне шаққанда бір ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (29,7 мың теңге) сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй ұсынылады. 

2. "Бақытты отбасы" бағдарламасы бұрынғысынша екі ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (59,4 мың теңге) қолжетімді болады. 

3. 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейіне дейінгі табысы бар азаматтарға (92 мың теңге) "5-20-25" бағдарламасы бойынша әкімдіктердің кредиттік тұрғын үйлерін алу мүмкіндігі беріледі. 

4. Табысы 3,1 ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын азаматтарға "7-20-25" бағдарламасы ұсынылады. 

5. Табысы бес ең төмен күнкөріс деңгейінен асатын адамдар (148,5 мың теңге) бастапқы және кейінгі нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін қолданыстағы нарық өнімдерін пайдалана алады (Ұлттық банктің "Баспана-хит", Қазақстан Ипотекалық компаниясының "Орда", Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Өз үйім").

2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" тұрғын үй-коммуналдық дамуының мемлекеттік бағдарламасына 5 міндет кірді: бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру; халықты сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен ұтымды қамтамасыз ету; тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту; тұрғын үй қорын күрделі жөндеу және қайта жаңарту;  сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жетілдіру. Бағдарламаның мақсаты – баспананың қолжетімділігі мен қолайлығын арттырып, тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту. 
Министр баспана алудың ашықтығы мен бірыңғай жүйелік есепке алуды қамтамасыз ету үшін кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізілетінін айтты. 

Аталған базаның деректері кезекте тұрған адамдар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылады. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты адамға берілуі мен мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы