Бас прокуратура "Қорғас ісі" бойынша 140 млн теңгені елге қайтарды

4 Мамыр 2019, 09:30
2473
Бөлісу:
Бас прокуратура "Қорғас ісі" бойынша 140 млн теңгені елге қайтарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Швейцарияның Федералды қылмыстық соты Қазақстанның Бас прокуратурасының өтінішхатын қанағаттандырып, «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері заңсыз жолмен алған және кейіннен елден тыс әкеткен 140 млн теңгені қайтарды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

"2019 жылы 15 қаңтарда Швейцарияның Федералды қылмыстық соты Қазақстанның Бас прокуратурасының өтінішхатын қанағаттандырып, «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері заңсыз жолмен алған және кейіннен елден тыс әкеткен 140 млн теңгені қайтару туралы шешім қабылдады" - делінген хабарламада.

Аталған қаржы топтың белсенді мүшелерінің бірі, 2012 жылдан бастап осы іске қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздестіруде болған Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі.

Биыл 25 сәуірде Швейцариядан Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің шотына түскен ақша жақын арада мемлекет кірісіне алынады.

"Бұған дейін 2018 жылғы сәуірде прокуратура органдарының осы іс шеңберіндегі өтінішхаты бойынша мемлекет пайдасына М.Әбдіралиевтің 762 мың АҚШ доллары мен 915 мың теңге қылмыстық табысы тәркіленгенін атап өткен жөн. Осылайша, ұрланған активтерді қайтару бойынша жасалған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік бюджетке түскен қаражаттың жалпы сомасы 420 млн теңгені құрайды" - дейді Бас прокуратура қызметкерлері.

Қазақстанның Бас прокуратурасы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қылмыстық табыстарды шетелден қайтаруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.

Өзгелердің жаңалығы