Эрик Майер: Адам саудасымен күрес Қазақстанның халықаралық беделін арттырады

16 Қыркүйек 2020, 15:26
3887
Бөлісу:
Эрик Майер: Адам саудасымен күрес Қазақстанның халықаралық беделін арттырады
Сұхбат

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын әлемде жүз мыңдаған адам заманауи құлдық, адам саудасы құрбанына айналады. Олардың қатарында ерлер де, әйелдер де, тіпті балалар да бар. БҰҰ коронавирус пандемиясы кезінде жұмыс орындары жабылып, табыс көзі азайып, жұмыссыздар саны өсуі салдарынан адам саудасының құрбандары көбейетінін болжайды. 

Осылайша пандемияның тағы бір теріс салдары - адам құқықтарының өрескел бұзылуына әкелмек. БҰҰ мәлімдемелерінде Орталық Азия аумағында мәжбүрлеп еңбекке жегу мақсатындағы адам саудасы кеңінен таралғаны айтылады. Бүгінде АҚШ үкіметі адам саудасын, әлемдегі заманауи құлдықты жоюға баса көңіл бөліп отыр. АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Эрик Майермен сұхбаттасып, Қазақстандағы адам саудасына қарсы күрес жұмыстары, еліміздің Адам саудасы жөніндегі баяндамадағы деңгейін жақсарту, АҚШ қолдауы туралы білдік.

«Америка Құрама Штаттары әлемдегі заманауи құлдықты жойғысы келеді. Біз адам саудасы кешірімсіз қылмыс екенін, билік басындағылар қажетті реформаларды өткізуде табандылық танытуы керектігін ашық айтып келеміз» 
Тілші: Эрик Майер мырза, жыл сайын АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам саудасы жөніндегі баяндамасы (TIP Report) жарияланады. Сол баяндаманың 2019 жылғы шығарылымына қарасақ, Қазақстан Республикасы Екінші деңгейлі бақылау тізіміне төмендеді. 2018 жылы Екінші деңгейде болған еді. Баяндамада «Қазақстан Үкіметі адам сатуды жоюдың ең төменгі стандарттарына толық жауап бермейді, бірақ оны жою үшін елеулі күш жұмсауда» деп жазылған. Биыл, яғни 2020 жылғы TIP Report баяндамасында Қазақстан Екінші деңгейлі бақылау тізімінде қалғаны мәлім болды. 2019 жылғы баяндамада берілген ұсыныстарды Қазақстан үкіметінің ескеруіне қандай баға бересіз?

Эрик Майер: Адам саудасы жөніндегі баяндама – жылдан жылға адам саудасымен күресте жасалатын негізгі қадамдарға баға беретін құжат. Қазақстанның жағдайына келсек, адам саудагерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен шетелдіктерді Қазақстан жерінде пайдаланса, Қазақстаннан шыққан құрбандарды шет елдерде еңбекке мәжбүрлейді.

Қазақстан жылдар бойы заманауи құлдыққа пара-пар бұл қылмыстың бар екенін мойындап, онымен күресуге орасан зор күш жұмсады. Соның бір мысалы - үкіметтің адам саудасынан зардап шеккендерге арналған паналарды қаржыландыруы. Алайда, Орталық Азия аймағында еңбек миграциясының өсуіне байланысты бірталай күрделі мәселе туындады. Қазақстанға келуші шетелдік жұмыс күшінің саны артуын тоқтатқан емес, ол қылмыскерлерге жұмыс іздеген жандарды өз мақсаттарында пайдалануға жағдай жасап берді. COVID-19 індеті, визалық шектеулер мен шекараның жабылуы сияқты жағдайлар шетелдік еңбек мигранттарын тіпті қиын жағдайға ұшыратты. Баяндамада әрбір елге адам саудасынан зардап шеккен шетелдіктерді анықтап, оларға көмектесуге, еңбекті қанау мен адам саудасы қылмысын тоқтатуға арналған кеңестер береді.

АҚШ Қазақстанға осы мәселелерді шешу жолында көмектесуге даяр. Мысалы, АҚШ Қазақстанға көмек көрсету үшін Халықаралық көші-қон ұйымымен бірігіп, өзінің Халықаралық есірткі және құқық қорғау басқармасы (INL) арқылы жаңа жобаны бастады. Сондай-ақ, АҚШ үкіметінің Safe Migration in Central Asia, яғни Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон атты жобасы адам саудасын тоқтатудағы еңбектің тиімділігі мен өзара ашықтықты қамтамасыз етуге арналған. Ол елдердің үкіметі болсын, үкіметтік емес ұйымдар болсын немесе жеке меншік кәсіпорындар болсын, барлық қатысушының осы саладағы біліктілігін күшейткісі келеді. Мұндағы мақсат - құлдықтан босап шыққандарды қорғап, қауіпсіз көші-қонға жағдай жасау. Қазақстан 2019 жылғы баяндама берілген кеңестерге құлақ асып, бірталай жетістіктерге жеткені рас. Еңбек инспекторларына арнайы еңбек құрбандары мен құлдыққа түскен шетелдіктерді анықтау бойынша арнайы жаттығулар өткізіп, дипломатиялық қызметкерлерге де құрбандарды анықтау бойынша нұсқаулықтар жасап, өз Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізді.

«АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын Адам саудасы жөніндегі баяндамасын жариялайды. Ол АҚШ үкіметінің басқа ел үкіметтерімен адам саудасы саласында өзара әрекетінің негізін қалаушы құралы. Әлем елдері үкіметтерінің адам саудасын тоқтатуға жұмсаған күші мен қол жеткізген нәтижесіне қарай төрт түрлі тізімге (немесе деңгейге) бөлінеді»
Тілші: ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген бірқатар түзету 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Кейбір түзету Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауында айтқан «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген тапсырмасы аясында енгізілді. ҚР Қылмыстық кодексінің 128 және 135 баптары бойынша жаза қатаңдатылды. Бұдан бөлек, адам саудасын жою үшін тағы қандай өзгерістер енгізуді ұсынар едіңіз?

Эрик Майер:  Иә, 2019 жылғы баяндамадан кейін Қазақстан бұл бағытта біршама алға ілгеріледі. Адам саудасын жою үшін елде дұрыс заңнаманың болуы аса маңызды, заңдық құралсыз оны тоқтату мүмкін емес. 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген өзгерістер сөзсіз маңызды қадам болды. Бұдан былай қылмыскерлер зардап шегушімен «татуласып», соттан қаша алмайды (ҚР ҚК 68 бап). Адам саудасы (ҚР ҚК 128, 135 баптар) зорлау, жыныстық зорлық-зомбылық (ҚР ҚК 120, 121 баптар) үшін жаза күшейтілді.

Қазақстанның адам саудасымен күресіне бұдан басқа да өзгерістер зор көмек болар еді. Жоғарыда айтқанымдай, баяндама ұсынатын кеңестердің барлығы құлдыққа тап болған шетелдіктерді анықтап, оларға көмектесуге, еңбекті қанау мен адам саудасын тоқтатуға арналған. Үш басты кеңесті атап айтар едім. Біріншіден, Арнайы әлеуметтік көмек туралы заңға өзгеріс енгізіп, адам саудасынан зардап шеккен шетелдіктерге пана беру мүмкіндіктерін кеңейткен дұрыс. Сондай-ақ, шетелдік құрбандарға қылмыс туралы хабарлау не хабарламау туралы шешімді байсалды түрде қабылдауға мүмкіндік беру үшін «ойлану уақытын» енгізген жөн. Үшінші ұсыныс – 128 және 135 баптардағы адам саудасының анықтамасын өзгерту. Күш қолдану, алаяқтық және мәжбүрлеу сияқты түсініктер қылмыстың ауыр салдары емес, негізгі элементтері деп қарастырылуы керек. 

«Президент Тоқаевтың биыл 1 қыркүйекте жасаған Жолдауында айтылғандай, Қазақстанның үкіметі бірқатар реформа жасауға бел буып, бұл мәселені лайықты көңіл бөліп отыр. Дегенмен, Қазақстан адам саудасының нысанына да, транзит жері мен көзіне де бірдей айналып отырған ел. Сондықтан атқарылуға тиіс жұмыс әлі де көп» 
Тілші: Адам саудасы – мемлекетішілік қана емес, мемлекетаралық, трансұлттық сипатқа ие қылмыс түрі. Сондықтан бұған тек бір мемлекет шекарасы аумағында емес, жалпы аймақ тұрғысынан қараған жөн сияқты. TIP Report баяндамасына қарасақ, Орталық Азия мемлекеттерінің заңнамалары адам саудасынан жапа шегушілерді қорғай алмайтыны айтылған. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан елдері Екінші деңгейлі бақылау тізімінде болса, Түрікменстан үшінші деңгейден шыға алар емес. Тек Тәжікстан Екінші деңгейге көтерілді. Сіз АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы лауазымына тағайындалғанға дейін Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері жөніндегі Бюроның Арнайы көмекшісі және Аға кеңесшісі қызметтерін атқардыңыз. Орталық Азия елдерінің Адам саудасына қарсы күресіне тән ортақ кемшіліктер қайсы?

Эрик Майер: Орталық Азияның үкіметтері адам саудасына ел ішінде болсын, халықаралық деңгейде болсын қарсы тұру үшін жауапкершілікті ең алдымен өздеріне алып, аймақтық ынтымақтастықты нығайта беру қажеттілігін түсініп, мойындап отыр.

Орталық Азияда алға жылжу бар болғанымен, әлі де қажет заңдарды қабылдау немесе адам саудасымен күресуге қажет қаржы, әрі адам ресурстарын қажетінше бөлу жағынан олқылықтар бар. АҚШ үкіметінің көмегімен, аймақтық ұйымдар жекелеген адам саудасын жағдайларын бірге қарастырып, ақпарат алмасып отырады. Құрбандарды қорғау немесе қылмыстың алдын алумен айналысатын қоғамдық ұйымдар баршылық, бірақ қажет жұмыс мөлшеріне сай қаржы әлі де бөлінбеуде және болашақта көбірек көңіл бөлген дұрыс.

Аймақта қауіпсіз көші-қон жайлы, жұмысқа тұру жайлы сенімді ақпарат көздері жеткіліксіз. Мысалы, мигранттардың көпшілігі өз елінен кеткенде, таныс-туыстарының, немесе диаспоралық ұйымдардың көмегіне жүгінеді. Олардың беделі әдетте ресми мекемелердікінен жоғары.

Қазақстан – еңбек миграциясының нысаны болғандықтан, мұндағы басты мәселе – жұмыс істеуге келген шетелдіктерге заңды жұмысқа орналастыру механизмдерін қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана жұмыскерлер қауіпсіз ортада еңбек етіп, қанауға, құлдыққа душар болмайды. Бірақ, аймақтың қай елі болсын, адам саудасымен күресте бірдей қиындықтарға тап болып отыр. Олар - құқықтық негіз бен іске асыру механизмдерінің осалдығы. 

Тілші: Орталық Азия елдерінің азаматтары көршілес Ресей Федерациясына барып, еңбек етеді. Мұның Орталық Азияда адам саудасын жою, адам саудасы жапа шегушілерін қорғауға қандай әсері бар?
Эрик Майер: Ресей – қазіргі күні Орталық Азия елдері тұрғындарының еңбек миграциясы үшін баратын бірінші бағыты болып отыр. Бұл – Қазақстан үшін қолайсыз жағдай. Транзиттік ел ретінде Қазақстан жұмысшы мигранттар шыққан елмен де (мысалы, Өзбекстан), бара жатқан елмен де (Ресей) қауіпсіз көші-қонды қамтамасыз етуі керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Ресейдің кейбір Орталық Азия елінің азаматтарына қайта оралуға тыйым салуы – Орталық Азиядағы еңбек миграциясына кері әсерін берді. Кейбір мигрант өз еліне қайтса, көпшілігі Қазақстанда жұмыс іздеп қалып қойды. Еңбек мигранттарының мұндай үлкен легі адам саудасының қаупін күшейтіп, Қазақстан құрбандарды қорғауға бар күшін салуға мәжбүр болды. Қазақстан адам саудасынан зардап шеккен өз азаматтарын қорғауда ерен еңбек еткенімен, шетелдік азаматтарға көмектесу ісі әлі толық шешілмеді.

«2019 жылы Қазақстанның Адам саудасы жөніндегі баяндамадағы рейтингісі төмендеп, Екінші деңгейлі бақылау тізіміне енді. Екі жыл қатарынан Екінші деңгейлі бақылау тізімінде тұрған ел міндетті түрде Үшінші деңгейге төмендетіледі. Ең алдымен адамгершілік мақсат тұр, яғни осал топтарды қорғауымыз қажет, бірақ бұған қоса, Үшінші деңгейге төмендеу АҚШ тарапынан біршама шектеуге, оның ішінде қаржылық көмек тұрғысындағы шектеулерге әкеп соғады.

Менің баса айтқым келетіні - рейтинг қатып қалған нәрсе емес. Мені Қазақстан Үкіметінің өзінің егемен шекарасының аясында адам саудасымен күресуге күш салып жатқаны қуантады. Дегенмен, жаңа айтқанымдай, әлі де атқарылуы тиіс іс жетерлік және Америка Құрама Штаттары бұл жолда өз қолдауын көрсетуге дайын» 

Тілші: Қазақстанның TIP Report тізімінде деңгейінің төмендеуі мемлекеттің халықаралық беделіне, инвестициялық климатына, туризм дамытуына қандай теріс әсері болады?

Эрик Майер: Адам құқығы мен абыройын қорғау әмбебап құндылықтар қатарына жатады. Сондықтан, адам саудасын жою – ең алдымен адамгершілік міндет. Сондай-ақ, бұл қылмыспен күресу Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, инвестициялық климаты мен туризмнің дамуына оң септігін тигізетініне күмәнім жоқ.

Тағы қайталап айтарым, Қазақстан рейтингісін үш жыл қатарынан жақсарта алмаса, қандай күрделі салдарға әкеп соғатынын ашық айтқан дұрыс, деп ойлаймын. Екінші деңгейлі бақылау тізіміне екі жыл бойы ілінген ел үшінші жылы Үшінші деңгейге түседі. Үшінші деңгейдегі елдердің шетелдік көмекке қол жеткізуі қиындап, шектеледі.

Бірақ, атап айтқым келетіні, бұл деңгейлер қатып қалған рейтингі емес. Қазақстанның осы уақытқа дейін жұмсаған күші мақтауға лайық, енді осы жолдан таймай, әрі қарай да АҚШ-тың көмегімен бұл жұмысты күшейткені жөн.

Тілші: Өзбекстанмен шекаралас Шымкент қаласы және Түркістан облысы адам саудасымен күрес, аймақтағы экономикалық, саяси қауіпсіздікті орнатудағы маңызы мен осы бағытта бірге атқарылып жатқан іс-әрекеттер қандай?

Эрик Майер: «Шымкент платформасы» деп аталатын жыл сайын өтетін аймақтық шара бар. Онда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның құқық қорғау институттарының өкілдері бас қосады. Оларға әлемдік сарапшылар қосылып, аймақтағы адам саудасына қарсы әрекеттерді талқылайды. Бұған қоса, АҚШ үкіметі мен Қазақстан үкіметі Шымкентте орналасқан «Сана сезім» ұйымына қолдау көрсетеді. Бұл ұйым бүкіл Қазақстанда адам саудасы құрбандарын панамен қамтамасыз етеді. «Сана сезім», сондай-ақ, өзбек-қазақ шекарасында адам саудасына қарсы күрес бойынша оқыту жұмыстарын ұйымдастырады. Шекара демекші, Қазақстанның қазірден қолға ала алатын тағы бір әрекет: бұл - шекара пунктілерінің барлығында шұғыл көмек нөмірлері мен адам саудасына қатысты негізгі ақпаратты тарату. Әуежайлар, автобус аялдамалары, темір жол вокзалдарында таратып, қызметкерлеріне адам саудасының негізгі белгілерінен хабар беретін «индикаторлық карта» тапсыруға болады.

Тілші: Коронавирус пандемиясынан әлемде жұмыс орындары жабылып, жұмыссыздар саны артып жатыр. БҰҰ болжамынша, салдарынан адам еңбегін қанау, еңбекке жегу көбейеді, көші-қонға әсер етеді. Мұның бір көрінісі – Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Қазақстан жағында мыңдаған Өзбекстан, Тәжікстан азаматы өз еліне өте алмай, қалып қойды. Алдағы уақытта осындай оқиғаларды болдырмау, адам саудасын азайту үшін мемлекеттер қандай жұмыс істеуі тиіс?

Эрик Майер: Дұрыс айтасыз, COVID-19 пандемиясы адам саудасының шұғыл шешімді қажет ететін мәселе екенін айқын көрсетіп берді.

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан Өзбекстанмен жасаған еңбек мигранттары құқықтарын қорғау туралы келісімшартын ратификациялады. Бұл құжат миграциялық ағындарды реттеп, заңсыз еңбектің алдын алуға үлесін қоспақ. Мысалы, келісімшарт аясында, егер де жұмысшы еңбек уақытында жарақат алса, өндірістік ауруға шалдықса немесе жұмысына байланысты денсаулығына басқа зақым келсе, ол тегін медициналық көмек ала алады. Жұмысшыларға физикалық зақым үшін өтемақы да төленеді. Сондай-ақ, жаңа келісімшарт еңбек мигранттары педагогика, медицина, немесе фармацевтика саласында жұмыс істесе, білім құжаттарын өзара тануға құқықтық негіз болмақ.

Бұл келісімшарт тек бастама ғана, оның үстіне өте жалпы жазылған. Егер де ол енгізіліп, іске асып жатса, мәжбүрлі еңбек миграциясын азайтуға үлесін қосар еді.

Зардап шегушілер тез арада көмекке қол жеткізуге жағдай жасалса, еңбекті қанау жағдайларының санын қысқартуға болар еді. Жаңа айтқанымдай, әуежайлар, теміржол вокзалдары мен автобус аялдамарында үнпарақтар таратып, қызметкерлерге индикаторлық карталар беріп қойғанның өзі қазіргі ауыр жағдайда адам саудасы құрбандарын тез анықтап, басқалар үшін қауіпті азайта алады.

Жаңа айтып өткен үш негізгі ұсынысты тағы қайталағаным артық болмас. Олар: Арнайы әлеуметтік көмек туралы заңға шетелдіктерге пана беру туралы арнайы тармақ қосу, шетелдік құрбандарға қылмыс туралы хабарлау жайлы «ойлану уақытын» енгізу және де ҚР ҚК 128 және 135-баптарындағы адам саудасының анықтамасында күш қолдану, алаяқтық және мәжбүрлеу сияқты түсініктерді қылмыстың ауыр салдары емес, негізгі элементтері санатына жылжыту.

– Сұхбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы