Психолог: Баланы тасжүрек ететін – ата-ана

6 Қазан 2020, 14:04
5485
Бөлісу:
Психолог: Баланы тасжүрек ететін – ата-ана

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының қонағы психолог Ғалияш Махашева отбасындағы ата-ананың ұрыс-керісі мен олардың балаға көрсететін қатыгездігі туралы айтып берді.

Егер материалдық жағдайы жақсы болса, онда ата-аналар қатыгез болмас еді деп ойлаймыз. Бұл – жалған ақпарат, жалған түсінік. Себебі, өте бай, ауқатты отбасыларда да балаларын аса қатыгездікпен ұратын ата-аналар бар. Баланы ұру отбасындағы материалдық жағдаймен байланысты емес, бірінші кезекте, ата-ананың психикасымен байланысты. Мұның басқа да мыңдаған себебі болуы мүмкін. Мүмкін ол бала кезде өзі таяқ жеген шығар. Сол себепті «біз де таяқ жеп өстік, онда тұрған ештеңе жоқ» деп ойлауы мүмкін. Қаталдық арқылы өзімді тыңдата аламын деп есептейді, - деді Ғалияш Махашева.
Оның сөзінше, әйел болсын не еркек болсын, олардың ішіндегі өмірге деген реніш, өкініші. Бұл тағы да бала кезінен бастап өзіне сенімсіз адамдар. Өз-өзіне сенімсіз адамдар көп нәрсесін өткізіп алады.
Мынадай дүние бар... «Баласын қатты ұрыпты» дегенді айналасындағылар естігенде «сондай тыныш, сондай сабырлы кісі, өте жуас адам еді. Одан қалай шығады?» деп айтып жатады. Тіпті «маньяктардың» өзін жуас, момын кісі еді деп айтып жатады. Ол өтірік маска ғана. Шын мәнінде олар сыртта жуас, көп нәрсеге үндемейді. Осылайша, ішіне жиналған ызаны ішке жинап әкеледі де, өзінің еркін ортасында шығарады. Өзіне кім бағынышты? Бала әкеге де, анаға да бағынышты. Олар өмірге солай жаратылып келеді, - деді психолог Ғалияш Махашева.

Психолог айтқандай, ондай адамдардың портретін жасай алмаймыз.

Олар комплекстегі адамдар. Өздерін жақсы жасыра алады. Олар өздерінің кемшілігін жасыруға тырысады, - деді Ғалияш Махашева.

Ол бірнеше күн бұрын Түркістан облысында болған оқиғаға тоқталды.

Қатыгез әкені уақытша қамады. Одан ештеңе өзгермейді. Дегенмен, полиция қызметкерлері үшін де бұл таңсық жағдай емес. Бұл туралы ақпарат таралып кеткеннен кейін ол кісіге қысым болуы мүмкін. Ол әкеге бұл жағдай бір аптаға, ең көп дегенде 10 күнге сабақ болар. Менің ойымша, бұл еркек те бала кезінде таяқ жеп өскен шығар. Өзінің ыза, кегін баласынан алып тұр. Бірінші кезекте, оның әйелінің өз-өзін бағалауы өте төмен. Адамның «самооценкасы» төмен болған кезде бостандықта жүрсе де бостандығынан айырылып қалады. Онымен қоса, не өзін қорғай алмайды, не ішінен шыққан балаларын қорғай алмайды. Одан кейін өмірді өзгертуге, қандай да бір жағдайдан сытылып шығуға қорқады. Сонымен қатар, кейбір адамдарға құрбан болған ұнайды. Өзін-өзі аяп, аянышты күйге түскен ұнайды. Сондықтан бұл жерде ол әкені түрмеге қамағаннан ештеңе шықпайды. Ол кісіге бірінші кезекте көмектесетін – нарколог. Өйткені оның ашынасы да, жанын емдейтін психологы да – ол арақ. Ол тек арақтан ғана өзін тапты. Яғни, оған арақтан құтылудың амалын жасау керек. Бірінші кезекте емдеу керек. Оған психиатр, психолог көмегінің еш әсері болмайды, - деді Ғалияш Махашева түркістандық отбасы туралы.
Бірінші кезекте нарколог оның ағзасын емдейді, ал психолог айналасын емдейді.
Әйел мен еркек бір-біріне ашуланған кезде біреуі таяқ жеп қалады. Осылайша, ол ашуды, ызаны кімнен алады? Әрине, баладан. Бала көбіне - құрбан. Баланы ұратын ата-аналарға айтарым бар: «Сіз өмірге әкелген бала, сіздің жатырыңыздан шыққан бала – ол өмірдегі ең жақын, жанын беретін адам. Сізді шынайы сүйетін, махаббаты айнымайтын – ол бала. Бірақ оның махаббатын бұзып, тасжүрек ететін сіз, өзіңіздің ыза-кегіңіз, - деп атап өтті психолог.


Өзгелердің жаңалығы