Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының директоры, танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желіде Наурыз мейрамына 565 миллион теңге жұмсалғанына қатысты айыптауларға жауап берді.
Бүкіл әлемнің байлығын берем десе де, қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төгуге келіспес едім. Мерекелік мәдени іс-шаралар кеше кешкісін мәресіне жетті. Жұртты жинап алып, жын ойнақ жасағандай көрсетудің қажеті жоқ, жақсылар. Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 19 мекеме атсалысқан 100-ден аса шараға бөлінген қаражатты мен ойлап тапқан жоқпын. Қала әкімі қолдап, орынбасарлары оңтайландырып, басқарма бекітіп, мәслихат мақұлдап, жұмыла жасалған жұмыс. Бүгінде Шымкент «жасыл» аймақта тұрған Қазақстандағы жалғыз қала. Елдің аузында жүрген сомма тек наурыз мерекесіне ғана қаралған қаржы емес. 572 миллион теңге (565 млн емес), жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізуге бөлінген қаржы, - дейді Сәкен Майғазиев.
Оның айтуынша, Наурыз мерекесінде 10 күн бойы өткен 103 іс-шараға 213 миллион теңге жұмсалған.
Наурызға қатысты іс-шаралар наурыздың соңына дейін, тіпті сәуір айына дейін жалғасады. 213 миллион теңгенің өзі кейбір блоггерлер жазып жатқандай 5-6 іс-шараға бөлінген жоқ. «Наурыз айтысқа» келсек, 40 миллион теңге «Наурыз айтыс» атты үлкен жобаға бөлінген. Оның ішінде 2 ауқымды іс-шара бар. Екі күндік ақындар айтысы, ақын-жазушылардың проза және поэзия бағыттары бойынша өткен байқауы мен мүшәйрасын косыңыз. Бұл қаржының ішінде жүлде қоры, қатысушылар мен қазылар алқасының гонарары, олардың келу-кету мен орналастыру, тамақтану мен транспорт өзге де көптеген шығындары бар. Мемлекеттік сатып алу конкурсы бір көзден сатып алу тәртібімен өткізіліп, «Quraq group» компаниясының авторлық жобасы болғандықтан тікелей келісімшарт жасалды. Оның үстіне бұл іс-шараларды компания өз қаржысына өткізді. Біз бұл компаниямен сәуір айында есептесеміз, - дейді «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымының директоры
Оның айтуынша, жиһаз өндіру бұл компания қызметінің бір ғана бағыты. Іс жүзінде ол мәдени іс-шаралар ұйымдастырумен де айналысады.
Соның ішінде ақындар айтысын ұйымдастыруға лицензиясы бар. Бұл компания осындай іс-шараларды ұйымдастырып жүрген белгілі продюссерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Наурыздағы барлық іс-шараларды санитарлық талаптарды қатаң сақталды.
Бір сөзбен айтқанда, бөлінген бюджет бабамнан қалған қаржы емес. Мен басқарып отырған әсем ғимарат әкемнен қалған мұра емес. Айта кететін жәйт, мәдениет саласына қала бюджетінен бөлінетін қаржы 1%-ды да құрамайды екен, - дейді Сәкен Майғазиев.