Бақыт Сұлтанов бес бала қайтыс болған өрттің мән-жайын анықтауды тапсырды

4 Ақпан 2019, 13:24
3745
Бөлісу:
Бақыт Сұлтанов бес бала қайтыс болған өрттің мән-жайын анықтауды тапсырды

Астана, BAQ.KZ. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов «Көктал-1» тұрғын алабында орын алған қайғылы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді.

Зардап шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

«Осы жағдайға душар болған отбасына қайғыра көңіл айтамын. Қала басшылығы оқиға орнында болды. Қаза тапқан балалардың ата-анасымен психологтар және әлеуметтік қызмет мамандары жұмыс істеуде. Зардап шеккен отбасына қалалық әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. «Сарыарқа» ауданы әкіміне жерлеу рәсімін ұйымдастыруды және отбасына уақытша баспана беруді, жанған үйді тез арада қалпына келтіру үшін қаражат бөлуді тапсырамын», деді қала әкімі.

Өз кезегінде, ТЖД бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаев, осыған дейін «Көктал-1» тұрғын алабында өрт және басқа да төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілгенін айтты.

«ТЖД-нің қызметкерлері профилактикалық шараларды жүргізу барысында да бұл үйге барып, олқылықтарды жою үшін ескертпе берілген», - деді Аманбаев.

Бақыт Сұлтанов аудан әкімдері мен төтенше жағдайлар департаментінің, полиция департаментінің басшылығына бірлесіп, жеке сектордағы әр үйге дереу барып, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау тұрғысында тексеріс, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.

«Бұл сіздердің тікелей жұмыстарыңыз, әрқашан мен айтып отырмауым керек! Баяғыда жүргізу керек еді, міндетті түрде қайғылы оқиғаны күтесіздер ме?! Бұл ТЖД-нің қателігі. Сіздер жеке секторда тұратын әр адамды тануыңыз керек», - деді ол.

Қала әкімі құзыретті органдарға болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды.

4 ақпанда түнде «Сарыарқа» ауданындағы «Көктал-1» тұрғын үй алабында өрт шығып, онда жеке үйдің аумағындағы шағын үй өртенген. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылы туған бес бала қайтыс болды.

Ең кішісі небәрі үш айда болған.

Өзгелердің жаңалығы