Бүгін абайтанушылардың халықаралық онлайн форумы өтеді

10 Тамыз 2020, 09:34
1596
Бөлісу:
Бүгін абайтанушылардың халықаралық онлайн форумы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың 10-тамызы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Абай күні деп бекітілді.

Осыған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен аталған мерекелерге байланысты бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылады.

10 тамыз сағ.12.00-де "Адамзаттың Абайы" атты абайтанушылардың халықаралық онлайн форум өтеді. Форумда Ұлы Абай мұрасының қазақ руханиятындағы құндылығы, ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен ұлттық идеологияны қалыптастырудағы рөлі, сонымен қатар абайтану саласындағы заманауи ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелері қарастырылады.

Іс-шараға ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана Басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Ұлттық кітапхананың директоры Бахытжамал Оспанова, ҚР Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев, дін ғұламасы, ағартушы ұстаз Халифа Алтайдың ұлы Абдулсамет Алтай, (Франция-Түркия), ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Стамбул университетінің профессоры Абдуакап Қара (Түркия), жазушы, драматург және аудармашы Анатолий Ким (Ресей), филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Мұқышева (Сегед Университеті, Мажарстан), ақын, прозашы, драматург, аудармашы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Орынбай Жанайдаров, сатирик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы, ақын, драматург, жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының директоры Алмахан Мұхаметқалиқызы, ғалым, зерттеуші, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров, Абай атындағы ҚазҰПУ және Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының бас ғылыми қызметкері, PhD доктор Мәрлен Әділов, сондай-ақ, абайтанушылар, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері, республикалық, облыстық және аудандық кітапханалардың басшылары мен кітапханашылары қатысады.

Онлайн форум Zoom.us платформасында және тікелей эфирде Ұлттық академиялық кітапхананың фейсбуктегі жеке парақшасында өтеді. 

Сондай-ақ, бүгін сағ.15.00-де "Abai world challenge" атты Абай өлеңдерін әлем тілдерінде оқудың халықаралық челленджі басталады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұлы ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылатын іс-шараларды онлайн форматқа көшіру тапсырылды.

Осыған орай ақынның өлеңдері әлемнің (француз, ағылшын, араб, испан, қытай, жапон, неміс, итальян) бірнеше тілдеріне аударылды.

Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен Абай шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, аудармашылар, жазушылар мен шығармашылық интеллигенция өкілдері, ҚР Төтенше және өкілетті елшілері және жалпы жұртшылық қатысады деп күтілуде. Челлендж тамыз айының 10 мен 17 аралығында сағ.15.00-де жалғасып отырады және министрліктің YouTube каналы, Facebook және Instagram т.б. әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында көрсетіледі.

Айта кетейік, былтыр 2019 жылы Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы 9 жасар Ләйлім-Шырақ есімді оқушы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын.

10 тамызда "Өнерпаз болсан, арқалан" балалардың қатысуымен әдеби-музыкалық онлайн платформа өтеді. 

Сондай-ақ, 11 тамыз сағ.15.00-де "Абайдың ақындық дәстүрі" тақырыбында ақын, ҚР Еңбек сіңірген сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлымен және 12 тамыз сағ.12.00-де ақын, «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының жетекшісі Алмахан Мұхаметқалиқызымен "М.Әуэзовтың "Абай жолы" романындағы ерлердін образдары" тақырыбында онлайн кездесулер ұйымдастырылады.

Өзгелердің жаңалығы