Азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз – бас мүфти

21 Сәуір 2020, 13:20
2476
Бөлісу:
Азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз – бас мүфти

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Наурызбай қажы Тағанұлы бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен Рамазан айына қатысты баспасөз конференциясы барысында айтты.

 
Рамазан – жақсылық жасап жарысатын ай. Ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз. Тіпті, көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де, мол сауапқа кенелесіз. Мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы. Осы ретте барша отандасымды көмекке зәру отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге, еліміздегі мешіттер арқылы ауызы берік отандастарымызға ауызашар тағамдарын таратуға шақырамын. Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады,-деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мүфти - ораза сауап жинап, кемелдену айы екенін тілге тиек етті.
Рамазан – тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ендеше, берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, жақсылық жасап жарысайық,-деді.

Еске саламыз, биыл Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түн – мың айдан қайырлы қасиетті Қадір түні. Ораза айт намазы 24 мамырда оқылады.



Өзгелердің жаңалығы