Қазақстандағы ондаған мың компания мен жеке кәсіпкерлерге қауіп төніп тұр - депутат

30 Қыркүйек 2020, 11:47
1999
Бөлісу:
Қазақстандағы ондаған мың компания мен жеке кәсіпкерлерге қауіп төніп тұр - депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мейрам Пішембаев отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде Премьер-министрдің атына сауал жолдады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемін бес жылда кем дегенде 1,5 есеге арттыру міндетін қойды. Бұл тапсырысты орындауда жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы (закупки) шешуші рөл атқарады. Олардың 2019 жылға арналған жалпы жылдық көлемі 8,2 трлн теңгені құрады. Оның ішінде көмірсутегі шикізатын жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алуға шамамен 7 трлн теңге, қатты пайдалы қазбалар 1,2 трлн теңге кетеді, - деді депутат.

Сонымен бірге ол тауарлардағы жергілікті қамту үлесі 10-12% -дан аспайтынын атап өтті. Депутат 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық өндірушілер үшін жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алудағы жеңілдіктер жойылатынын еске салды.

Тауарларда 0%-ға дейін, жұмыстар мен қызметтерде 50%-дан аспайтын, кадрларда 50%-дан аспайтын жергілікті қамту талаптары шектелетін болады. Отандық өндірушілер үшін тендерлерді өткізу кезінде 20% шартты жеңілдік беру нормасы, қазақстандық өндірушілерден бір көзден тауарларды сатып алу құқығы және тапсырыс берушілердің тауарлардағы жергілікті қамтудың міндетті үлесін талап ету мүмкіндігі алынып тасталады, - деді Мейрам Пішембаев.

Мәжілісмен мұның барлығы 2015 жылы Қазақстанның ДСҰ-ға кірген сәтінен бастап жергілікті қамту үлесінің төмендеп жатқанын атап өтті.   

Оның мәліметінше, 2014-2019 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 12%-ға төмендеген. Депутат осы ретте әлемнің басқа елдерін мысалға келтірді.

Ресейде жергілікті өндірушілерге сатып алу кезінде 15% шартты жеңілдік беріледі. Мұндай жағдай қазақстандық бизнес үшін тең емес бәсекелестік жағдайларға алып келеді. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің және олардың өндірушілерінің тізілімі электрондық алаңында тіркелген ондаған мың қазақстандық компаниялар мен жеке кәсіпкерлерді ішкі нарықтан ығыстыру қаупі алдында тұр, - деді Мейрам Пішембаев.

Депутат үкіметті дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру және өсіп келе жатқан протекционизм жағдайында қолданыстағы шараларды сақтау мәселесін қарауға, сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдаудың балама тетіктерін қарастыруға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы