Қазақстан жоғары байытылған уранды азайту туралы мәлімдемеге қол қойды

22 Қыркүйек 2020, 10:28
1404
Бөлісу:
Қазақстан жоғары байытылған уранды азайту туралы мәлімдемеге қол қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АЭХА бас конференциясының 64-ші сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен АҚШ Энергетика департаментінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі жоғары байытылған уранды азайту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды, деп хабарлайды ҚР ЭМ баспасөз қызметі.

Ядролық қатерді азайту жөніндегі жаһандық бастама шеңберінде қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында зерттеу реакторларын конверсиялау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. 

Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты жоғары байытылған уранды (ЖБУ) жою арқылы ядролық материалдарды таратпау және зерттеу реакторларын төмен байытылған уран (ТБУ) отынына көшіру болып табылады. Осы жобалар АҚШ ұйымдарымен бірлесіп іске асырылуда, олар күрделі міндетті орындау үшін Қазақстан ұйымдарының ғылыми-техникалық әлеуеті мен құзыреттерінің жоғары деңгейін атап өтті. 

Жобаны іске асырудың маңыздылығын ескере отырып, АЭХА бас конференциясының 64-ші сессиясы шеңберінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Америка Құрама Штаттары Энергетика департаментінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігі жоғары байытылған уранды азайту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 

Тараптар ЖБУ-ды барынша азайту, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін нығайту жөніндегі ортақ мақсаттарды қолдау үшін бірлескен әрекеттерді жалғастыру ниеттерін растайды.

Өзгелердің жаңалығы