Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЕАЭО елдері арасында бес жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімі деңгейі бойынша бірінші орында Ресей (13 мың бала), одан әрі Қазақстан (4 мың), Қырғызстан (3 мың), Армения (1 мың) және Беларусь орналасқан. Мұндай деректерді Energyprom.kz ұсынды, деп жазады 7kun.kz.
Сәби өлімі Қазақстанның демографиялық әлеуетіне теріс әсер етеді. Бұл ретте көрсеткіш (1 жасқа дейін) 0,2%-ға өсіп, 3,2 мың бала көз жүмды (нәрестелердің жалпы санының 0,8%-ы). Өлімнің себебі 51,2% жағдайда перинаталды кезеңде туындайтын проблемалар, 19,8% – туа біткен ауытқулар, 6,2% – тыныс жолдарының аурулары, 4,8% – жазатайым оқиғалар, уланулар мен жарақаттану, 4,7% – жұқпалы және паразиттік аурулар, 1% – ас қорыту жүйесінің аурулары болды.
Нәрестелер өлімі әзірге азаймақ емес, соңғы бес жылда бір деңгейде тоқтап тұр – балалардың жалпы санының 1%-ға жуығы. Соңғы жылдары туу өсуді көрсетгенін (орташа өсу қарқыны – 0,1%-ды құрайды) ескере отырып, нәресте өлімі тіпті 1%-да елдің демографиялық әлеуетіне айтарлықтай әсер етеді.
Сонымен қатар, 2018 жылы Үндістан 5 жасқа дейінгі балалардың өлім деңгейі бойынша әлемде бірінші орынды алды: 882 мың бала. Үздік үш елдің қатарында Нигерия (866 мың бала) мен Пәкістан (409 мың бала) болды. Ондыққа Конго, Эфиопия, Қытай, Индонезия, Танзания, Ангола және Бангладеш кірді. Аталған он елде 5 жасқа дейінгі балалардың жалпы өлімі 3,2 млн баланы құрады.
Бұған дейін хабарланғандай, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында Қазақстанда жылына 2,5 мың сәби өлімі тіркелетінін айтты. Ең жоғары деңгей Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында байқалған.
"Бұл өңірлерде нәресте өлімі Атырау облысына қарағанда екі есе жоғары", - деді Біртанов.