Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жеңілдетілмек

27 Маусым 2019, 13:16
2112
Бөлісу:
Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жеңілдетілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте көші-қон мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды.


Заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ахмади Сарбасов таныстырды. Ол өз сөзінде сыртқы еңбек көші-қоны саласындағы өзгерістер мен толықтыруларға да тоқталды.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес біздің министрлік арқылы берілетін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтамасы бойынша жоғары білікті шетелдіктер өз бетінше жұмысқа орналаса алады. Соңғы 3 жылда барлығы 11 адам өтініш білдіріп, тиісті анықтамалар алған. Осыған байланысты, бұл құзыретті жергілікті атқарушы органдардың деңгейіне беру ұсынылады", - деді Ахмади Сарбасов.

Вице-министрдің айтуынша, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің еңбекші көшіп келушілерді тиісті рұқсат алмай, заңсыз қызметке тарту фактілері көп кездеседі. Осыған байланысты, айына 8 айлық есептік көрсеткіш салық алымдарын төлеу арқылы ШЖК тартудың қолданыстағы тетігіне сәйкес, еңбекші көшіп келушілерді «маусымдық жұмысшыларға» теңестіру ұсынылады. Бұл ретте, маусымдық жұмысшыларға жұмысқа қабылдануы үшін кәсіптер тізбесі анықталады.

"Көші-қон процестерінің құқықтық базасын кеңейту және заңсыз көші-қонға жол бермеу мақсатында төмендегілер ұсынылады. Біріншіден, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж салығын енгізу. Екіншіден, ұлттық заңнамада реадмиссияға арналған құқықтық негіздердің жоқтығынан ұлттық заңнамаға реадмиссия туралы халықаралық ережелерді енгізу ұсынылады. Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу", - деді Сарбасов.

Вице-министр мəліметінше, төртіншіден, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібін жеңілдету үшін 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатын (этникалық қазақтар, азаматтығы жоқ адамдар, 1974 жылғы КСРО төлқұжаттары, сондай-ақ Конвенцияға сәйкес некеде тұрған әйелдер) айқындау көзделген.

Атап өтсек, бұған дейін Ахмади Сарбасов этникалық көші-қон саласына да өзгерістер енгізілетінін айтқан болатын.

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қаржы, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.



Өзгелердің жаңалығы