Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова 30 мамырдағы №38 қаулысына өзгерістер енгізіп, 6 маусымда №39 қаулысын қабылдаған болатын. Осыған орай бас санитар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында қаулыдағы өзгерістерге тоқталды.
Ең алдымен, әуе рейстері арқылы елге келіп жатқан азаматтарға қатысты айтар болсам, әзірге халықаралық тасымалдау жүйесі ашылған жоқ. Елімізге тек шетелде жүрген қазақстандықтар ғана келіп жатыр. Бұған дейін шет елден келген жолаушылар 2 күндік стационарға міндетті түрде жатқызылатын. Тест нәтижесі теріс болса, 12 күнге үй карантиніне оқшауланатын еді. Кеше біз жеңілдік шараларын енгіздік. Соған сәйкес, тест анықтамасы сұралады, анықтамасы жоқ жолаушылар зерттеу жұмыстары үшін екі күндік карантинге жатқызылып, тест нәтижесі теріс шықса, олар үй карантиніне жатқызылмайды. Оларға коронавирус індеті жұққан жағдайда қандай симптом болуы мүмкін екендігі жазылған парақшалар беріледі. Сонымен қатар, жолаушылар аурудың алғашқы белгілері анықталған жағдайда бірден медицина ұйымына жүгінетіні туралы қолхат жазып береді. Тағы еске салайық, бұл шаралар ішінде қазақстандықтар бар ұшақ рейстеріне ғана арналған. Әзірге, елімізде халықаралық рейстер ашылған жоқ, - деді Есмағамбетова.
Бас санитар автоөткелдер арқылы халықаралық жүк тасымалдаумен айналысатын адамдардың міндетті термометриядан өтетінін жеткізді.
Егер оларда симптом анықталса, автоөткелде қалады. Оларға да барлық науқасқа қолданылатын ем-дом шарасы жасалады. Менің жаңа қаулымда бұл жүргізушілер автоөткелде тесттен өтіп, зертхана нәтижесін күтпей-ақ, өте береді. Алайда, әр жүргізуші өзінің маршрут кестесі нақты жазылған анкета толтырады. Егер ПЦР нәтижесі оң болып шықса, маршрут кестесі бойынша дәрігердің тексеруінен өтеді. Ауру белгілері байқалған болса, науқасқа қажетті шара қолданылады, ал, егер симптомсыз болса, онда ол профилактика шараларын қатаң сақтап, жолын жалғастыра береді. Бірақ, кейін өзінің тұрғылықты жері бойынша үй карантиніне жатқызылады, - деді ол.