Аймағамбетов «Министрлік деңгейінде қарайтын сұрақ емес» дегендерге жауап берді

20 Қазан 2020, 13:12
2346
Бөлісу:
Аймағамбетов «Министрлік деңгейінде қарайтын сұрақ емес» дегендерге жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен және санитарлық-гигиеналық жайлылықпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Бұл «министрлік деңгейінде қарайтын сұрақ емес» деген пікірлер түсіп жатыр. Бірақ балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына байланысты мәселе болғандықтан, мұны ұсақ сұрақ деп қарауға болмайды. Бұл - өте маңызды сұрақ. Алдыңғы жылы Тараз қаласында болған оқиға әлі де естеріңізде болуы керек. Сондықтан бұл мәселені шешу бойынша 10 ай бұрын Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын. Бұған дейін 2 700 мектепте тиісті жылы дәретханалары болмаса, бүгінгі күні соңғы 10 айда 2 456 дәретхана салынып, іске қосылды. Қалған 245 мектеп бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр сапа мәселесі маңызды екенін айтты. Яғни дәретханалар жұмыс істеп тұруы, бөлек кабиналардың болуы, сумен қамтамасыз етілуі және басқа да мәселелер шешілуі керек. 

Дәретхананы салып алып, кейін оны жауып қойып, даладағы дәретханаға барып жүруге жол бермеуіміз керек. Мұндай мәселелер де кездесіп тұрады. Жасыратыны жоқ. Ондайды алдыңғы жылы көрдік, - деді министр.

БҒМ басшысының сөзінше, өңірлер бойынша әлі де жыл соңына дейін жүргізілетін жұмыстар бар. Білім басқармаларының басшылары осыны бақылауға алуды тапсырды және желтоқсан айында осы мәселе қайта қаралатынын айтты.

Сонымен қатар бейнебақылау орнату да қауіпсіздік үшін маңызды екенін жеткізді.

Балалақша, мектеп, колледжде болсын, бейнебақылау орнату маңызды. Бұған дейін орнатылған құрылғылар саны 75% болса, қазіргі күні 99%-ке жетті. Бірақ бізге саны емес, сапасы керек. Сондықтан бейнебақылау жүйелері ІІМ және БҒМ бұйрықтарында көрсетілген нақты талаптарға сай болуы керек, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов аппарат отырысында.

Министр осы жұмыс бойынша желтоқсанға дейін анықталған кемшіліктерді жоюға тапсырды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің басшысы Гүлзат Көбенованың айтуынша, республика бойынша 6 971 мектеп бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілсе, 72 мектепте әлі күнге дейін аталған жүйе жоқ.

Өзгелердің жаңалығы