Аймақта азық-түлік жеткілікті – Жеңіс Қасымбек

13 Наурыз 2020, 08:45
1697
Бөлісу:
Аймақта азық-түлік жеткілікті – Жеңіс Қасымбек

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы коронавирус індетін пандемия деп жариялағаннан кейін облыс тұрғындары арасында дүрбелең орын алып, халық супермаркеттер мен дүкендердегі тауарларды жаппай сатып алуда. 

Осыған байланысты облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба қалдырып, халықты тыныштық сақтауға, үрейге жол бермеуге шақырды.

Жеңіс Қасымбек азық-түлік дүкендерінде сұраныстың артуына байланысты ресми мәлімдеме жасап, аймақта азық-түлік пен гигиеналық тауарлардың тапшылығы жоқ екендігін жазды.

Облыс тұрғындарына ресми түрде біздің аймақта азық-түлік тауарларын жеткілікті екендігін атап өткім келеді. Ел президентінің тапсырмасы бойынша азаматтарды азық-түлікпен және бірінші кезекте қажет тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Облыстың барлық кәсіпорындары мен дүкендері бұрынғы тәртіпте жұмыс істейтін болады, – деп жазды аймақ басшысы.
Facebook-тегі жазбасында әкім ел Үкіметінің қабылдаған шаралары вирустың алдын алуға бағытталғанын, елімізде коронавирус індеті ресми тіркелмегенін атап өтті. Сонымен қатар халықты әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Барлықтарыңызды тыныштық сақтауға шақыра отырып, біз әрдайым мәселелер мен сын-қатерлерді шешуде табандылық танытатынымызды атап өткім келеді. Осы жолы да өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шығатынымызға сенемін. Ең бастысы, біз қазір үрейге жол бермей, ақылмен жұмыс жасап, өзімізді және жақындарымызды сақтауымыз қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы сондай-ақ өз парақшасында жергілікті билік тарапынан қабылданатын шаралар мен соңғы жаңалықтармен бөлісіп отыруға уәде етті.
Өзгелердің жаңалығы