Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов ауылдарда қанша адам тұратынын айтты.
"Өздеріңізге белгілі, республикамыздағы халықтың саны 18 млн 400 мың адамнан астам. Соның ішінде қалалықтардың саны 10 млн 700 мың адамға жетеді. Ауылдық жерлерде 7 млн 700 мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі кезде республикамызда ауыл халқының үлесі - 42 пайыз. Ауылдық аймақтарды дамыту бойынша "Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы" аясында жұмыс жүргізілуде. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты - өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және басқарылатын урбанизация арқылы халықтың өмір сапасын жақсарту" - деді Ермек Алпысов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Вице-министр бағдарлама бірнеше бағыттан тұратынын айтты.
"Ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі біздің міндеттеріміз - негізгі инфрақұрылымдық даму, ол - су, электр, білім беру объектілерін және басқаларды дамыту. Бұған қоса, ауылдық жерлердің кадрлық әлеуетін арттыру", - деді Ермек Алпысов.