Атырауда анемияға шалдыққандар көп

23 Сәуір 2019, 22:53
1745
Бөлісу:
Атырауда анемияға шалдыққандар көп

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Мамандар Атырауда анемияға шалдыққандардың саны азаймай тұрғанын айтып отыр. Жыл басталғалы өңірде қаназдық ауруымен 1700-ден астам адам тіркелген. Солардың бірі – бұл дертпен 20 жыл бойына арпалысып келе жатқан Берікбай Дәулетбаев.

«Анемияменен күресіп келе жатырмын, 20 жылдай уақыт болды. Ауған соғысына қатысқанмын, қан көп жоғалттым. Соның зардабын әлі шегіп келе жатырмыз. Жылына 1-2 рет дәрігерге қаралып тұрамын. Бас айналады, көз қарауытады, буындар бастырмай, қан айналмай қалған соң, қол ұйып кетеді», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Берікбай Дәулетбаев.

Мамандардың сөзінше, бұл дертке көбіне қыз-келіншектер мен сәбилер шалдығады екен. Әсіресе, 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдерде жиі кездеседі.

«Емхана тұрғындарының 1,2%-ы темір жетіспеушілігі ауруымен тіркеуде тұр. Оның 95%-ын әйел адамдар құрап отыр. Әсіресе, туу жасындағы әйелдер. Ол 15 пен 49 жастағы әйелдердің көбінде анемия ауруы кездеседі. Оның негізгі басты белгілеріне адамның тез шаршауы, тері бетінің ағаруы, сонымен қатар бастың айналуы», - дейді Атырау №1 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Индира Садықова

Мамандар анемия онкологиялық және инфекциялық аурулардың дамуына себеп болатынын, сол себепті дерттің алдын алу үшін жиі спортпен шұғылданып, ас мәзірінде ет пен балық тағамдары мен жеміс-жидекті көптеп пайдаланған жөн екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы