Атырауда 17 ауыл әкімінің өкілеттілігі аяқталады – аумақтық сайлау комиссиясы

31 Мамыр 2021, 14:45
9456
Бөлісу:
Атырауда 17 ауыл әкімінің өкілеттілігі аяқталады – аумақтық сайлау комиссиясы

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысыда 2013 жылдан бері ауыл әкімдерінің сайлауы жанама түрде өтіп келеді. Сондықтан өңірдегі сайлау комиссиясының бұл жобада тәжірибесі қандай? Аймақта қанша ауылдың әкімі сайлануы мүмкін? Әкімдікке кімдер кандидаттығын ұсына алады? Осы сұрақтар бойынша Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовпен сұхбаттастық.

- Атырау облысында қанша ауыл әкімі сайлауға түседі деп жоспарлануда? Қаншасының өкілеттік мерзімі аяқталады?

- Атырау облысында 69 ауылдық округ әкімі бар. Олардың 17-сінің биыл өкілеттілігі аяқталады. Осы 17 ауылдың әкімі биылғы сайлауға түседі деп жоспарланып отыр. Заңға өзгеріс енгізілгенімен, әлі күшіне енген жоқ қой. Сондықтан бұл санға әлі де өкілеттілігі аяқталатын әкімдер де қосылуы мүмкін. Сайлау жарияланғанға дейін де шығып қалғандар болады. Мысалы, қызметін ауыстырады, не өз еркімен жұмыстан кетеді дегендей. Соғай сай бұл жобалап отырған 17 әкімнің саны әлі де өзгеру мүмкін.

- Аймақта бұрын әкімдерді сайлау тәжірибесі болды ма?

- Иә, ауыл әкімдерін сайлау жүйесі бойынша бізде тәжірибе бар. Президеттің 2012-2020 жылға дейінгі өзін өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы бойынша аймақта бұл жоба 2013 жылы басталған еді. Соған сай біз ауылдық округтер әкімдерін сайлауды бастаған едік. Бұл әкімдерді жанама сайлау бойынша облыста 72 окургте өтті. Содан кейін 2017 жылы 48 ауыл әкімі сайланды. Бұл округтердің әкімдерінің ішінде де қызметін ауыстырып, өкілеттілігін ауыстырған жағдайлар болды. Соларды да қайта сайлауды ұйымдастырдық.

- Атырау облысы сайлау комиссиясының бұл бастамаға дайындығы қандай?

- Атырау облысы сайлау комиссиясы ауыл әкімдерін сайлауға дайын. Өйткені бұрыннан да тәжірибемізде бар. Тек кейбір өзгеше тұстары бар. Оны біз ескеріп отырмыз. Сайлау комиссиясының дайындығын жан-жақты жетілдіріп жатырмыз. Оларды оқыту, жаңа заңдарды меңгеру, пысықтау басты назарымызда. Облыста 265 учаскелік сайлау комиссиялары бар. Олардың ішінде 169-ы ауылдық округтерде орналасқан. 17 әкімді сайлаймыз деп жоспарлап отырмыз ғой. Осыған 36 сайлау учаскесі қатысады.

- Үміткерлердің ерекшелігін сайлау комиссиясы айқындай ма? Сайланатын тұлға сол ауылдан болуы міндетті ме?

- Кандидаттарды ұсынғанда біз сәйкестігін анықтауға міндеттіміз. Ол бойынша арнайы ҚР Конституциясында және мемлекеттік қызмет туралы заңға қойылған басты талаптар бар. Кандидат Қазақстан республикасының азаматы, жоғары білімді, жасы 25-тен асуы керек. Бұрын соттылығы болмауы керек. Мемлекеттік қызметкер болған соң мемлекеттік қызмет туралы заңдағы талаптарды білуі шарт. Тәжірибесіне байланысты, біліктілік санаттары да ескеріледі. Екі жыл мемлекеттік қызметте болуы, басшылық лауазымда болуы керек. Арнайы мемлекеттік тапсырыс бойынша шетелдік, не отандық білім беру бағдарламалары арқылы оқығаны дегендей бірқатар талаптар да бар. Оның барлығы мемлекеттік қызмет істер агенттігі бекіткен бұйрықта толық жазылған.

- Сайлау комиссиясының құрамы қалай жасақталады?

- Сайлау туралы заңға сай комиссия құрамы мәслихат арқылы қалыптасады. Қазір Атырау облысында 1988 комиссия бар. Олардың ішінде 63-і аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі, ал 1925-і учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі. Олардың барлығы да мәслихаттар арқылы, саяси партиялардың ұсынысы бойынша жасақталған. Жалпы саяси партиялар комиссия мүшелерін ұсынбаса, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар арқылы жасақталады. Ал егер олардан да ұсыныс болмаса, мүшелерін жоғарыдағы сайлау комиссиясы тағайындайды. Қазіргі уақытта біздегі комиссия құрамы мәслихаттар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар арқылы құралған.

- Сайлаудың өтуі халық санына байланысты бола ма?

- Халықтың санына байланысты емес. Округте қанша сайлаушы бар, соның барлығы қатысады. Осы шілде, тамыз айында болады деп отырған сайлауға 44 мыңнан астам сайлаушы қатысады деген жоспарымыз бар. Бұл 17 округ, яғни 40-тың үсінде елді-мекен бар. Жалпы осы өңірдерде 70 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

- Шалғай ауылды-округтерде сайлау өткізу мүмкіндігі бар ма?

- Әрине, мүмкіндік бар. Барлық жерде сайлау ұйымдастырылады.

- Жалпы сайлау комиссиясы ауыл халқының бұл сайлауға белсенділігіне сараптама жасай ала ма?

- Сайлау комиссиясы негізі мұндай сараптама жасамайды. Дейтұрғанмен комиссия төрағасы ретінде өз ойымды ғана айтып кетейін. Ауыл әкімдерін сайлауға халық белсенді, әрі қызығушылықпен қатысады деп ойлаймын. Себебі бұл өз өңіріне, яғни тұрғылықты жеріне тікелей қатысты болған соң ауыл тұрғындары жоғары белсенділік танытуы мүмкін.

-Заң күшіне енген соң Атырау облысында қай ауылдың әкімі алғашқы болып сайлануы мүмкін?

- Бұл заң әлі күшіне енген жоқ. Толықтай енген соң республика бойынша округ әкімдерін тікелей сайлауы жарияланады, яғни Президент жарлығы шығады. Содан кейін жергілікті жерде аумақтық сайлау комиссиялары сайлауды өткізу бойынша іс-шаралар жоспарын жасап, қаулыларын қабылдайды. Осы қаулылар бекітілсе, жоғарыда айтқан 17 әкімге де бір уақытта сайлау болады.

- Әкімдікке үміткердің саяси партияның мүшесі болуы міндетті ме?

- Кандидат үш жол арқылы өтеді. Біріншіден, саяси партиялар арқылы тіркеледі, яғни олар өз үміткерлерін ұсынады. Екіншісі, өзін-өзі ұсыну арқылы. Ол жоғарыда айтылған заңдылықтарға сай болуы қажет.Сондай-ақ, ол өзі түсетін елді-мекендегі сайлаушылардың қолдауына ие болуы міндетті, яғни олардың 1 пайызының дауысын жинап әкеледі. Үшіншісі, партиялардан, не өзін-өзі ұсыну арқылы кандидат мүлде тіркелмеген болса, онда ауданның әкімі жергілікті қоғамдастық арқылы өз үміткерін ұсына алады. Осы кезде аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін 5 күнге ұзартады. Сондай-ақ, кандитаттың әрқайсысы ең төменді айлық көрсеткіште, яғни 42500 теңге жарна төлейді. Бірақ кейін ол қайтарылмайды.

- Сұқбатыңызға рахмет!


 


Өзгелердің жаңалығы