Атырау облысының әкімі карантинге байланысты үндеу жариялады

30 Наурыз 2020, 09:37
3610
Бөлісу:
Атырау облысының әкімі карантинге байланысты үндеу жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30 наурыздан бастап Атырау қаласына карантин режимі енгізіліп, облыс аумағында шектеу шаралары қабылданады, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі. 


Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осындай шешімнің шығарылғандығын атап өтті.  
Вирусты жеңудің төте  жолы  – гигиеналық тазалықтың мінсіздігі мен үйден шықпау. Әлемде аталмыш індетті  жеңудің бұдан асқан емі табылған жоқ. Қонаққа бару, базар мен дүкендерде шоғырланып жүру  – ең үлкен қауіп екенін ескертемін, - деді аймақ басшысы. 

Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов карантин кезінде тәртіп бұзғандарға қатаң шара қолданылатынын айтты. 
Сіздерді  тәртіпті сақтауға  ғана емес, тәртіпті бірге қорғауға шақырамын. Себебі, бұл баршамыздың  қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан шаралар. Осы орайда күні-түні тәртіпті күзететін құқық қорғау қызметкерлеріне және өзге де сала мамандарына, оның ішінде басын қауіпке тігіп жүрген дәрігерлер мен инфекционистерге алғыс білдіремін, - деді ол.
 
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде облыс көлемінде 6 400 медициналық қызметкер жұмыс жасайды. Соның ішінде коронавирусқа қарсы жұмыстарға  552 дәрігер жұмылдырылған.
Өзгелердің жаңалығы