Бас жаңалықтар
Ата-ана: Мектептегі білім мен тәрбие арасында сабақтастықтың жоқтығы қоғамдық дертке ұласуда
16 Тамыз 2019, 11:46 334

Ата-ана: Мектептегі білім мен тәрбие арасында сабақтастықтың жоқтығы қоғамдық дертке ұласуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік сарайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен білім саласы қызметкерлерінің Тамыз конференциясы өтіп жатыр.

Дәстүрлі шара мемлекеттік әнұранмен басталды. Одан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бірнеше ұстаз, ата-ана мен ғалымға сөз берді. Петропавл қаласынан келген бастауыш сынып мұғалімі Анжелика Икачина ұстаздардың жалақысын өсіру керектігін айтса, оралдық ата-ана Клара Есқалиқызы балалардың тәрбиесі мәселесін көтерді. 

слух3.JPG

«Бүгінгі күні мектептегі білім беру мен тәрбие арасындағы сабақтастықтың жоқығы қоғамда дертке ұласып бара жатқанына назар аударғымыз келеді. Қазіргі кездегі жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, зиянды әдеттерге әуестенуі, ата-аналар мен ұстаздарды сыйламауы белең алуда. Біз бұны күнделікті әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Мысалы, Түркістан қаласындағы бала зорлығы, қатыгездікпен бір-бірінен өш алуы, Алматы облысындағы өз анасын жауыздықпен өлтірген мектеп оқушысы, Талдықорған қаласындағы ұялы телефонына шектеу қойғаны үшін өзіне қол жұмсаған оқушы, ерте жүктіліктің көбеюі сияқты жан түршігерлік оқиғаларға куә болып отырмыз», - деді Клара Есқалиқызы.

Оның айтуынша, мектеп пен ата-ана мәселені бірлесіп шешудің орнынан кінәліні іздейді. Әрбір мектепің тәрбие жұмысы бар, ата-аналар да тәрбиесіз қалдырмайды. Осыған қарамастан жастар тура жолдан адасып, қателікке бой алдыруда. Клара Есқалиқызы өз сөзінде ата-аналар ұстаздарға сын көзбен емес, құрметпен қарау керек дейді. Отбасы да бала тәрбиесіне кішкентайынан бастап барынша атсалысу қажет, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру керектігін айтты. Сөз соңында Клара Есқалиқызы ата-аналар мен мұғалімдердің бірлесіп, Ата-аналар қауымдастығын құруды ұсынды.

слух.JPG

ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан дәстүрлі шараға еліміздің түкпір-түкпірінен екі мыңнан астам ұстаз қатысуда. Олардың қатарында мектеп, колледж бен жоғары оқу орындарының оқытушыларымен қатар ата-аналар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар.

Жиын барысында білім және ғылым саласындағы өзгерістерді басқару мәселелері талқыға салынып, инновациялық идеялар мен бастамалар ұсынылады деп күтілуде. Бұған қоса, үздік ұстаздар марапатталмақ.

Атап өтсек, Тамыз конференциясы жыл сайын дәстүрлі түрде жаңа оқу жылының қарсаңында өтеді.

Фото: Артём Чурсинов
Загрузка...

Сізден жаңалық