Астанада бір тəулікте 14 адамды үсік шалды

6 Ақпан 2019, 10:56
3123
Бөлісу:
Астанада бір тəулікте 14 адамды үсік шалды
Фото: интернеттен

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ауа температурасының төмендеуіне байланысты елордада бір тəулікте 14 адам медициналық көмекке жүгінген.

"6 ақпан күніне сәйкес үсік шалу салдарынан бір тәулік ішінде медициналық көмекке 14 адам жүгінген. Оның 12-сі медициналық ұйымдарға жедел-жәрдем бригадасымен жеткізіліп, қалған екеуі өздері келген. Көмекке жүгінгендер арасында 10 ересек адам мен 4 бала бар", - деп хабарлады Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Басқарма мəліметінше, 2017 жылы туған бір бала №2 қалалық балалар ауруханаға жатқызылды, денсаулық жағдайы орташа қалыпта. Қалғаны мекенжайы бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді. 

"Медициналық қызметкерлердің жедел түрде көрсетілген толық көлемді көмегінің арқасында үсік шалудың ауыр жағдайларын алдын-алуға мүмкіндік берді. Үсік шалудан өлім тіркелген жоқ", - деп хабарлады Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Синоптиктердің мәліметінше, бүгін жəне алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде күн қатты суытып, ауа райы бұзылады. Қазірдің өзінде аязға байланысты бірнеше облыста жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды. Осыған орай, кеше Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ІІМ мен әкімдіктерге арнайы тапсырма берген болатын.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы