«Астана Операда» дарынды жастар өнер көрсетеді

17 Шілде 2019, 08:42
2362
Бөлісу:
«Астана Операда» дарынды жастар өнер көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жастар жылы аясында елорда тұрғындары мен қала қонақтарының назарына «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» атты бірегей концерттер сериясы ұсынылады, деп хабарлайды «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының баспасөз қызметі. 

«26 шілде және 9 тамыз күндері камералық зал сахнасында жетекші отандық әрі шетелдік шығармашылық жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан дарынды қазақстандық студенттер өнер көрсетеді»,-делінген хабарламада.

Барлық жас орындаушылар өнер жолында өз орындарын тапқан әртістер, беделді халықаралық байқаулардың лауреаттары, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы, Вена өнер университеті, Гамбургтегі Жоғары музыка және театр мектебі, А.Шнитке атындағы Мәскеу мемлекеттік музыка институты, Зальцбургтегі австриялық «Моцартеум», Қытайдағы Шанхай музыка консерваториясы сынды білім ордаларының оқушылары.

Отандық классикалық өнердің айтулы мақтанышы – трубашы Жасұлан Әбдіхалықов пен баритон Азат Мәлік. Жақында ғана Жасұлан Әбдіхалықов Мәскеуде өткен П.Чайковский атындағы XVI Халықаралық байқаудың «Үрлемелі мыс аспаптар» мамандығы бойынша лауреаттар қатарына енді. Азат Мәлік қазақстандық музыкалық өнерді Венгрияда паш етіп жүр, ол Венгр ұлттық опера театрының солисі, сонымен қатар өнерпаз Ф.Лист атындағы Венгр ұлттық музыка академиясының магистратурасында білім алуда.

26 шілде күні музыкалық кешке халықаралық байқаулардың лауреаттары Азат Мәлік(баритон, Венгрия), Жасұлан Әбдіқалықов (труба, Германия), Роза Қадырова (альт, Австрия), Досхан Жексембай (бас-тромбон), Аяжан Үсембаева (аккордеон, Мәскеу), Жаңыл Рахымбекова (фортепиано, «Астана Опера»), сонымен қатар камералық ансамбль құрамында Диана Аблаева (скрипка) мен Сабина Байзұлдинова (фортепиано, ҚазҰӨУ) қатысады.
Концертте отандық классик Ғ.Жұбанованың өңдеуіндегі қазақ халық әні «Ақ қурай», сондай-ақ композиторлар Дж.Верди, У.Джордано, Н.Римский-Корсаков, П.Чайковский, В.А.Моцарт, К.В.Брандт, Р.Кларк, Э.Креспо, А.Кусяков, Л. ван Бетховеннің вокалдық әрі аспаптық шығармалары шырқалады.
 
9 тамызда өнерсүйер қауымға халықаралық байқаулардың лауреаттары Темірлан Бейсембай (фортепиано, Австрия), Талғар Толқынұлы (виолончель, Қытай), Әсемгүл Сыздықова, Эльнура Русланбекқызы (скрипка), Жаннет Тұяқова (флейта), Томирис Әли (фортепиано), Досхан Жексембай (бас-тромбон), сонымен бірге хормейстер Ақбөпе Әділханның (Мәскеу) жетекшілігіндегі камералық хор өз өнерлерін ұсынады.

Мазмұнды бағдарламаға Ф.Лист, И.Брамс, З.Карг-Элерт, Р.Шуман, Ф.Крейслер, Я.Сибелиус, М.Т. фон Парадистің аспаптық туындылары мен С.Екимовтың камералық хорға өңдеуіндегі А.Шниткенің «Ескі стильдегі сюитасы» енді.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы