«Аспантау асқан үркін көш» кітабы қалың оқырманға жол тартты

11 Наурыз 2019, 19:09
5904
Бөлісу:
«Аспантау асқан үркін көш» кітабы қалың оқырманға жол тартты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алғаш рет 1956 жылы Лондонда жарық көрген бұл кітаптың бүгін қазақ және орыс тіліне аударылған нұсқасы алматылық оқырмандарға таныстырылды.

Автордың айтуынша, ағылшын тарихшысы Годфри Лайастың бұл еңбегі Шыңжаң қазақтарының коммунистер режиміне қарсы күресі және олардың азапты көші тақырыбында жарияланған алғашқы кітабы.

1940-жылдардың соңына қарай коммунистердің билігіне төзгісі келмеген 20 мың қазақ отбасы Шыңжаң аймағын тастап кетуге мәжбүр болды. Олар жолда қытай отрядтарымен шайқасып, шөл мен биік тауларды басып өтуіне тура келді. Ағылшын тарихшысы аман қалған қазақтармен 1954 жылы олар Ыстанбұлға жеткен соң бірер айдан кейін кездескен.

Кітапты қазақ және орыс тілдеріне аударған бірнеше бестселлердің авторы, AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай.

«Мен Годфри Лайастың Kazak Exodus кітабын орысшаға 10 күнде аудардым. Сосын бір айдай тазалап реттедім, сосын кәсіби редакторымыз тағы бір ай қарады. Кейін орыс тілінен қазақ тіліне жоба менің жетекшілігіммен 12 күнде аударылды, үш аудармашы жұмылдырылды. Олардан кейін 20 күндей реттеп тазаладым, бір айдай кәсіби редактор жұмыс істеді. Кітаптың қазақ және орыс тілдеріне аударылу алгоритмі осындай болды», - дейді Бақытжан Бұқарбай.

Ол сондай-ақ бұл кітапты аудару идеясы қалай пайда болғанында айтып өтті.

«Алғаш Оспан батыр жөнінде ақпарат жинау кезінде америкалық Амазон сайтынан осындай кітаптың бар екенін білдім. Содан бір данасын алып оқыдым. Ішінде қазақ қоғамына қажетті мағлұматтар болғандықтан аудару қажет деп шештім», - дейді ол.

Сондай-ақ, ол кітапты басып шығаруға қоғам белсендісі Арман Шураев қаржылай қолдау көрсеткенін жеткізді.

Әділет Мұсахаев

Фото: автордікі

Өзгелердің жаңалығы