Әскери киімдерді заңсыз кигендерге айыппұл салынуы мүмкін

12 Қараша 2020, 14:50
3095
Бөлісу:
Әскери киімдерді заңсыз кигендерге айыппұл салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әскери киім үлгілерін заңсыз кию фактілерін анықтау бойынша акция басталды, деп хабарлайды Атырау гарнизонының баспасөз қызметі.

Акцияға Атырау гарнизонының әскери полиция бөлімшесі мен Полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері жұмылдырылды.

Бүгінгі қоғамда әскери киім үлгілерін киіп жүру ешкімді таңғалдырмайды. Алайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында әскери форманы заңсыз кигені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 5 АЕК (13 890 теңге) және заңды тұлғаларға 25 АЕК (69 450 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.

Арнайы акция кезінде Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері қалалық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушыларды анықтау жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта тәртіп бұзушылар жауапкершілікке тартылмайды, олармен тек түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әскери формалардың айрықша белгілері бар үлгілері көптеген дүкендерде еркін түрде сатылады. Бұл киімдер қарапайым тұрғындар арасында ыңғайлылығымен және арзан бағасының арқасында жоғары сұранысқа ие. Әскери киімдер негізінен ауысым формасы немесе жұмыс формасы ретінде қолданылады. Қоғамда әскери форманы киген тұрғындардың құқық бұзушылықтары мен тәртіп бұзушылықтары, әскери қызметкерлер жасаған бұзушылық ретінде қабылданады. Нәтижесінде, бұл Қарулы Күштердің имиджіне және әскери адамның сыртқы келбетіне кері әсер етеді, - дейді әскери полиция капитаны өкілі Бахтияр Дәуренқұлов.

Түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде 2019-2021 жылдарға арналған «Әскери қалашықтар мен әскери қызметшілердің ықшам тұрғылықты жерлерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету бойынша» Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жоспары аясында өткізіледі.

Түсіндіру жұмыстары Әскери полиция қызметкерлерімен мерзімді қызметтегі сарбаздардың Қарулы Күштер қатарынан босатылған кезеңінде, сондай-ақ, мектептердегі және жоғары оқу орындарының әскери кафедраларындағы алғашқы әскери дайындық мұғалімдерімен ұдайы жүргізіліп отырады.


Өзгелердің жаңалығы