Бас жаңалықтар
Әшімбаев: «Халыққа көмек» – халыққа нақты көмек көрсетеді
04 Сәуiр 2019, 15:27 965

Әшімбаев: «Халыққа көмек» – халыққа нақты көмек көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәулен Әшімбаев партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Көп балалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, халықтың әл-ауқатын арттырып, осы бағыттағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету «Nur Otan» партиясының жұмысындағы негізгі басымдық. Өйткені бұл – Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасы. Соған сәйкес «Халыққа көмек» жобасы қолға алынып, тың бастамалар жүзеге асырыла бастады. Сондықтан бүгін партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдаған Мәулен Әшімбаев осы салаға ерекше назар аударды.

Қабылдауға келгендердің қатарында күн көріс деңгейіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуді, жеке тұрғын үй салу үшін қолдау көрсетуді, баспанамен қамту мәселесіне қатысты қол ұшын созуды өтінген және материалдық көмек сұрай келген көп балалы, жалғызбасты аналар болды. Сондай-ақ жұмыспен және ауылын ауыз сумен қамту мәселесі бойынша жәрдем сұраған азаматтардың да өтініштері тыңдалды.

Мәулен Әшімбаев олардың барлығына «Халыққа көмек» жобасы аясында заң шеңберінде тиісті көмек көрсетілетінін айтып, партияның бірқатар аймақтық филиалдарына нақты тапсырмалар берді. Өз кезегінде филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары аталған мәселелерді оң шешудің тиімді тетіктерін қарастырып қойғанын жеткізді. Сондықтан көп балалы аналардың мәселелері көп ұзамай оң шешімін табады деуге толық негіз бар. Ал екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жас маманның мәселесі сол арада шешіліп, оның тұрақты жұмысқа орналасқанын ерекше атап өткен жөн.

«Партия Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Халыққа көмек» жобасы арқылы азаматтарға нақты көмек көрсетеді. Қиындыққа тап болған азаматтар дер кезінде біздің қолдауымызды сезінуі тиіс. Қазірдің өзінде жоба өз жемісін бере бастады. Алдағы уақытта жаңа бастама партияның халыққа қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарын жаңа деңгейге шығарады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шарада әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келген өтініштер де қаралып, олардың шешу жолдары пысықталды. Одан бөлек, қабылдауға «Кедергісіз келешек», «Мектеп асханалары» сияқты партиялық жобаларға қатысты ұтымды ұсыныстарын білдірген белсенді азаматтар да келді.

Сізден жаңалық