Әшімбаев: Бұл – адамзаттың ортақ қасіреті

16 Ақпан 2021, 11:58
3728
Бөлісу:
Әшімбаев: Бұл – адамзаттың ортақ қасіреті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тоталитарлық режимнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. 

Соның салдарынан Қазақстанмен қоса, Украина, Беларусь, Молдова, Ресейдің бірнеше аймағы, оның ішінде Еділ бойы, Солтүстік Кавказ халқы аштыққа ұшырады. Ғалымдардың мәліметіне сүйенсек, 30-жылдардағы аштықта Кеңес Одағында жеті миллионнан астам адам көз жұмған. Осы тұрғыдан алғанда, аштықты белгілі бір ұлтқа қарата жасалған қылмыс деп айтуға келмейтін шығар. Бұл – ең алдымен, сол кездегі билік жүйесінің қате саясатының ауыр салдары, - дейді ол. 
Ол ашаршылық – Кеңес Одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы деген пікірде.
Сондықтан, ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті, ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен, оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал. Осы мақсатта шетел ғалымдарымен де бірлесіп жұмыс істеу маңызды. Міне, осындай кешенді жұмыстар арқылы ғана біз ашаршылық тақырыбына әділ баға бере аламыз деп ойлаймын, - деді Мәулен Әшімбаев. 

Ол алдағы уақытта осы бағыттағы құнды зерттеулер ғылыми ортада ғана қалып қоймауы керек екенін айтты. 

Сондықтан ғалымдарымыздың еңбектерін кеңінен дәріптеу үшін ақпараттық қолдау жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Сол арқылы халқымыздың ашаршылық туралы ғылыми негіздегі ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етеміз. Бұл ретте жас аудиторияға басымдық берген жөн. Мемлекет басшысы 30 жылдық мерейтойды атап өтуге арналған жиында шаралар негізінен жастарға арналуы керек екенін айтты. Себебі, барлық бастама болашақ ұрпақтың игілігі үшін іске асырылуда. Ашаршылық тақырыбында да біз осы ұстанымнан айнымауымыз керек, - деді ол.

Өйткені, мұндай зобалаңды халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың терең білуі – маңызды міндет. Мұның бәрі тәуелсіздігімізді нығайтуға, тарихи санамызды жаңғыртуға және азаттықтың қадірін түсінуге септігін тигізеді.

Бұл ретте өздеріңіздей тарихшы ғалымдарымыздың және зиялы қауым өкілдерінің еңбегі аса маңызды. Бүгінгі кездесу осы бағытта жан-жақты зерттеулер жүргізіп, Ашаршылық трагедиясына шынайы тарихи көзқарас қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенемін, - деді ол сөз соңында.



Өзгелердің жаңалығы