Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Абу Даби Плаза сауда орталығындағы вакцинациялау пунктінде өнер адамдары вакцина салдырды.
Еске сала кетсек, бұл бекет 22 сәуірден бастап іске қосылды. Мұнда №9 қалалық емханасының жылжымалы бригадасы жұмыс істейді.
Бүгін вакцинациялауға келген халық саны аз емес. Олардың арасында елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының ұжымы да бар. Театр мамандары вакцина алғаннан кейінгі жағдайлары туралы журналистерге сұхбат берді.
Театрдың директоры Асхат Маемиров көрермендермен тікелей жұмыс істейтін болғандықтан вакцина алуға шешім қабылдағанын айтты.
Бүгін - ерекше күн. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрындағы әріптестерімізбен бірге Абу Даби Плазадағы бекеттен вакцина алуға келдік. Sputnik V вакцинасын алуға шешім қабылдадық. Себебі көрермендермен тікелей жұмыс жасаймыз, халықтың ортасында жүреміз. Сол себепті әртістерге, өнер адамдарына бірінші кезекте сақтану керек, - деп директор пікір білдірді.
Асхат Маемиров былтыр коронавируспен ауырған, енді биыл екінші рет вирус жұқтырмас үшін вакцина салдырғанын жеткізді.
Вакцина алып шықтым. Жанды, тәнді ауыртатындай ешқандай сезім болған жоқ, - дейді ол.
Директордың сөзінше, өркениетті елдер, мысалы, Израиль, АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа мемлекеттері вакцина алуда алдыңғы қатарда тұр.
Өз кезегімде отандастарымды вакцина алуға шақырғым келеді. Мысалы, өткен ғасырлардың басында да осындай кезеңдер болған. Оны адамзат осындай вакциналарды ойлап тауып, жеңіп отырған. Менің ұғымымда ұлтты, елді, мемлекетті сақтаудың бірден-бір жолы – вакцина алу, - деп Маемиров пікір білдірді.
Айта кетейік, сауда орталығының жұмыс уақыты күнделікті сағат таңғы 10.00-ден 22.00-ге дейін. Сондай-ақ вакцина алуға баратын азаматтар өзімен бірге жеке бас куәлігін алып келуі керек. Вакцинация процедурасы кезек ретімен өтеді.