Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерді санаққа тартқандарға қатаң шара қолданылады

27 Қыркүйек 2021, 17:13
17504
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов: Мұғалімдерді санаққа тартқандарға қатаң шара қолданылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің баспасөз орталығында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді санаққа тартқандарға қатаң шара қолданылатынын айтты.

Қазір әлеуметтік желілерде санақ жүргізу бойынша мектеп мұғалімдерінің шағымдары жиі айтылып жатыр. Айтуларынша, мектеп әкімшілігі санақтан өткен оқушылары мен олардың ата-аналары жайында күн сайын есеп талап етіп отыр. Тіпті онлайн санақтан өз бетінше өте алмаған оқушысы мен оның отбасы мүшесін сынып жетекшілері, мұғалімдері тіркеуі қажет. Енді мұғалімдерге санақ жүргізу бойынша тапсырманы кім беріп жатыр? Оларды артық жұмысқа тартқандарды қандай шара күтіп тұр? – деп редакциямыз сауал жолдады.

Білім министрі былай деп жауап берді.

Санақ жүргізу және басқа мәселелер мұғалімге тән емес жұмыс болғаннан кейін ондай тапсырма беруге ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан бұл мәселе бойынша расталатын фактілер бойынша заң жүзінде тиісті жазасы бар. «Мұғалім мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мысалы, 20-120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Айтуынша, қазіргі күні мұғалімдерді өзіне тиеселі емес жұмыстарға тартқаны үшін директорлар жұмысынан босатылып, кейбіріне тиісті шара қолданылған.
Егер осындай фактілер шын мәнінде болса және ол расталып, министрлікке тиісті ақпарат келсе, онда, әрине, қатаң шара қолданылады, - деп жауап берді БҒМ министрі.
Бұған дейін Аймағамбетов мектептерде неліктен алты күндік сабақ өтіп жатқанын түсіндірді.

Өзгелердің жаңалығы