Қаржы министрі көлеңкелі экономика үлесін қысқарту жолдарын атады

28 Қаңтар 2019, 11:08
2824
Бөлісу:
Қаржы министрі көлеңкелі экономика үлесін қысқарту жолдарын атады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық  технологиялар» тақырыбында үкімет сағаты өтіп жатыр. ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндамасында жүзеге асып жатқан технологияларды атады.

«Көлеңкелі экономиканың үлесін қысқартудың және бюджетке салықтық түсімдерді ұлғайтудың әсерлі құралдарының бірі - импорттан немесе өндірістен оны түпкілікті сатуға дейін тауар қозғалысының толассыз мониторингі. Толассыз мониторинг жүйесі тауарларды жеткізудің тұтас тізбегін бақылай отырып, тауарлардың баға құрылуын талдауға мүмкіндік береді. Бұл тауарларды сату кезінде маржаны және тиісінше салықтардың дұрыс төленуін анықтауға бағытталған. Толассыз мониторинг жүйесі мынадай жобаларды қамтиды: «Астана-1» ақпараттық жүйесі; «Тауарларды таңбалау» ақпараттық жүйесі; «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі; «Виртуалды қойма» модулі; Онлайн бақылау-касса машиналары; Қосылған құн салығын бақылау шоттарын қолдана отырып, қосылған құн салығын әкімшілендіру», - деді Әлихан Смайылов.

Министрдің айтуынша, «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін кедендік брокер кеден органдарына барлық құжаттарды, оның ішінде кедендік декларацияның өзін де қағаз түрінде ғана ұсынған.

«Осыған байланысты, құжаттарды өңдеу қолмен жүргізілді, бұл кедендік рәсімдеу процесін қиындатқан болатын. Тиісінше, бизнес үшін бұл үлкен уақыт және қаржы шығындарына себеп болды. Бүгінгі күнде біз «Астана-1» жүйесінің алғашқы оң нәтижелерін көріп отырмыз. Атап айтқанда, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың үнемдеуі шамамен 77 млрд теңгені құрады және «жасыл коридор» бойынша рәсімдеу уақыты 1 минутқа дейін қысқарды», - деді Смайылов.

Ведомство басшысының айтуынша, ел ішінде тауарларды сатуды одан әрі бақылау «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылатын болады. 2014 жылдан бастап салық төлеушілер ерікті түрде электронды шот-фактураларды жазып беруде. Бұл ретте салық заңнамасында салық төлеушілердің 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін электрондық-шот фактураға кезең-кезеңімен көшудің міндеті көзделген.

«Қазіргі жағдай бойынша, жүйеге тіркелген салық төлеушілердің саны 281 мың (жеке кәсіпкерлер – 108 мың, заңды тұлғалар – 173 мың), олар осы уақытта 163 млн электрондық шот-фактура жазып берген. Оның 86 мыңы қосылған құн салығын төлеушілер. Электрондық шот-фактуралар автоматты түрде толтырылады. Биыл тауарларға ілеспе жүк құжатты электронды түрге көшіру жоспарланған. Сонымен қатар, жүйеде 2018 жылы «Виртуалды қойма» модулі іске асырылды. Ол тауарлардың қозғалысы мен қалдықтарын есептейді және қосылған құн салығын әкімшілік ету үшін қосымша құрал болып табылады. Модульді іске қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Былтырғы жылдың 1 сәуірінен бастап автокөлік құралдарын сататын салық төлеушілер «Виртуалды қойма» арқылы шот-фактураларды жазып береді», - деді Әлихан Смайылов.

Бұған дейін министр 2025 жылы қаржы қызметтерінің 95%-ы электрондық форматта көрсетілетінін айтқан болатын.
Қымбат Елтайқызы
Фото: Бауыржан Жуасбаев 
Өзгелердің жаңалығы