Қаржы министрі бюджет қаржысының игерілмеу себебін түсіндірді

9 Қыркүйек 2020, 11:29
2228
Бөлісу:
Қаржы министрі бюджет қаржысының игерілмеу себебін түсіндірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел бюджетінің 28 млрд теңгесі игерілмей қалған. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті.

Оның айтуынша, игерілмеген қаржының басым бөлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, жоғары сот, қаржы және білім және ғылым министрліктеріне тиесілі.

Қаржының игерілмеуіне конкурстық рәсімдер мен шарт жасасуды ұзаққа созу және уақытылы өткізбеу, орындалған жұмыс актілерін ұсынбау, карантиндік шектеулерге байланысты тауарлардың жеткізілмей қалуы себеп болған. Сондай-ақ, көрсетілген қызметтер көлемі мен орындалған жұмыстар үшін ақы төлеу, республикалық бюджеттің қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражаттың жеткіліксіздігі де әсер етті, - деді Қаржы министрі. 

Ерұлан Жамаубаевтың мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8%, республикалық бюджеттің шығыстары - 99,5%, жергілікті бюджеттердің шығыстары - 98,4% атқарылған. Республикалық бюджеттің шығыстары 9 трлн 251 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ ол өңірлерге бөлінген нысаналы трансферттердің де 22 млрд теңгесі игерілмей қалғанын атап өтті.
Биыл аймақтарға 2,3 трлн теңгенің нысаналы трансферттері қарастырылған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1,4 трлн теңге бөлінді. Оның ішінде 97,9% игерілген, 29 млрд теңге атқарылмаған, 7 млрд теңге үнемделді, 22 млрд теңге игерілмеді. Әсіресе Қарағанды, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстарында қаражаттың игерілмеуі байқалады, - деді Жамаубаев.


Өзгелердің жаңалығы