Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда коронавирус індетін жұқтырған екі науқастың жағдайы қанағаттанарлықтай. Бұл жайында облыстық тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров онлайн брифингте мәлімдеді.
18 наурыз күні Қарағандыға Минсктен ұшып келген ұшақта болған екі жолаушының коронавирус жұқтырғаны анықталған болатын. Сырқаттанған екі азамат та Қарағанды облысының тұрғыны емес.
21 наурыз күні 11 сағат 00 минутта Қарағанды облысында коронавирус індетін жұқтырудың жаңа дерегі тіркелген жоқ. 2 науқастардың жағдайына келетін болсақ, олардың жағдайы қанағаттарлық. Денсаулықтарының нашарлау белгілері жоқ, - деді Қанат Асқаров.
Департамент басшысы әлеуметтік желідегі таралған жалған ақпараттарға байланысты да түсініктеме берді.
Індеттен қаза болған қазақстандық жайлы фейк ақпараттарға келетін болсақ. Қазақстан территориясында және Қарағанды облысында коронавирус індетінен қайтыс болған адамдар жоқ. Жалған ақпараттарға сенбей, тек ресми ақпараттарды қадағалап отыруларыңызды сұраймыз, - деді ол.
Сондай-ақ, департамент басшысы індеттің елімізде таралуының алдын алу үшін облыс халқын наурыз мерекесін отбасымен қарсы алуға шақырды. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, облыс аумағынан алыс жерлерге шықпау ұсынылды.