Қарағандыда медициналық маскалар шығарылатын болады

4 Наурыз 2020, 11:55
2060
Бөлісу:
Қарағандыда медициналық маскалар шығарылатын болады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында короновирус инфекциясының алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақта 400 орындық карантиндік госпитал жабдықталған.

Қарағанды облысы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін аймаққа шет елдерден 7334 адам келген, оның ішінде 81 адам Қытайдан. Олардың барлығы арнайы госпитальде 14 күндік оқшаулаудан өткен.

Шетелден келген азаматтардың барлығының қай елден, қашан, не мақсатпен келгендігі барлығы анықталып жатыр. Инфекция таралған елдермен қарым-қатынас уақытша тоқтатылған. Сақтық шаралары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр, - дейді Қанат Асқаров.

Өңірде заманауи құралдарменмен жабдықталған вирустық зертхана бар. Зертханалық бақылау екі деңгейде жүргізіледі. Алдымен облыстық ұлттық сараптама орталығында тексеру жүргізіліп, одан кейін қосымша тексеру Нұр-Cұлтан қаласында да жасалады. Дегенменде әр адам жеке басының сақтығын күшейтуі керек екендігін айтады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ержан Нұрлыбев.

Оның айтуынша, дәрігерлер инфекция таралу қаупі болған жағдайда не істеу керектігін біледі. Денсаулық сақтау қызметкерлері коронавирусты инфекциямен қатар респираторлық аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша оқытудан өткен. 

Аймақта медициналық масканың тапшылығын болдырмау мақсатында бір реттік пайдаланылуға арналған маскалар өзімізде тігілетін болады.

Республикалық бюджеттен бөлінген 39 миллион теңгеге қосымша медициналық тауарлар сатып алынды. Қарағанды облысында медициналық маскалар мен халаттардың өндірісі жолға қойылған болатын. Медициналық нысандардың барлығы қажетті заттармен қамтылған, - дейді Ержан Нұрлыбаев.

Ақпан айында облысқа 700 мыңға тарта маска әкелінген екен. Кейбір тұрғындар халық арасындағы дүрлікпені пайдаланып, масканы қымбат бағамен сату мақсатында дәріханалардан маскаларды көп көлемде сатып ала бастаған. Қазіргі уақытта медициналық маскаларды көптеген дәріханалардан таппайсыз.

Бірнеше күннен кейін барлық дәріханаларға маскалар жеткізіледі. Олардың құны өндірушімен бірлесіп қойылатын болады. Қымбат бағамен сатылмайды, - дейді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы