Қарағандыда автобус жүргізушілері бірыңғай форма киетін болды

6 Наурыз 2019, 14:14
2240
Бөлісу:
Қарағандыда автобус жүргізушілері бірыңғай форма киетін болды

Астана. BAQ.KZ. Қарағандыда енді қоғамдық көлік жүргізушілері бірыңғай жұмыс киімін киетін болады. Бұл туралы облыстық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды.

№3 автопарк өз қызметкерлеріне әр маусымға арналған 650 дана форма сатып алды. Қысқа арналған жаңа комплект еки жеңіл жейдеше, бір жылы жейде, джинсы, жаңбырдан қорғайтын, маусымаралық және жылы күртешелер, кепка және жылы бас киімнен тұрады. Автопарктің ерекшелік белгілері бар форма арнайы тапсырыспен тігілген.

Жаңа киім үлгілері қалалық қоғамдық көлік жүргізушілеріне де, облыс орталығынан Абай, Топар, Шахтинск пен Шахан қалаларына қатынайтын автобус тізгіншілеріне де беріледі. 

"Қызметкерлерді бірыңғай формаға ауыстыру науқаны – автопарк басшылығы қолға алғалы отырған көп өзгерістің бірі ғана. Алдағы уақытта жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға арналған бағдарлама аясында көптеген жаңашылдықтар жүзеге асырылмақ", - деп хабарлады облыстық әкімдікте. 

Кеншілер шаһарында жол-көлік жүйесін жақсарту мақсатында электрондық билеттеу мен жолаушыларды автоматты есептеу сияқты сандық технологияларды қолдану, диспетчерлік жүйені енгізу, қажетті ақпарат көрсетілетін сандық таблосы бар "ақылды" аялдамаларды орнату жоспарда бар. 


Өзгелердің жаңалығы