Ақмола облысында медицина мекемелерінің 80% ескірген

2 Сәуір 2019, 09:45
2360
Бөлісу:
Ақмола облысында медицина мекемелерінің 80% ескірген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Үкімет отырысында өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу мен жөндеу жұмыстары туралы баяндады.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Ақмола облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандары 80% ескіргенін айтты. Үкімет басшысы өңір әкімі Ермек Маржықпаевтан биыл қандай жаңа нысандар салынатынын және күрделі жөндеуден өткізілетінін сұрады.  

«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында жедел медициналық жәрдем көрсетудің бес кіші станциясы ашылды. Биыл тағы қосымша 15 бөлімше ашу жоспарланып отыр. Нәтижесінде жедел жәрдем қызметімен халқының саны 230 мың адамды құрайтын 162 елді мекен қамтылады. Қамту аймағы 29%-ды құрайды. Целиноград ауданы, Қосшы ауылында жеке өнім берушімен 15 мың адам бекітілген және отбасылық денсаулық орталығы ашылды», - деп айтты Ермек Маржықпаев.

Облыс әкімі биыл Көкшетау қаласында алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталықтарын кеңейту жоспарланып отырғанын атап өтті.  

«Жалпы бір практика дәрігерінің жүктемесі 2016 жылы 2437 адамнан 2019 жылы 1661 адамға дейін төмендеді. Қосымша жалпы практика дәрігерлері бар 121 учаске ашылды. Жыл сайын жалпы трансферттер есебінен медициналық объектілерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2019 жылы осы мақсаттарға 653 млн теңге қарастырылды. Оның ішінде алғашқы медициналық санитариялық көмекке 264 млн теңге қарастырылған», - деп сөзін түйіндеді өңір басшысы.

Асқар Мамин әріптесінен биыл ашылатын жаңа нысандар туралы сұрады. 

«5 жаңа медицина объектілері салынып жатыр. Көкшетау қаласында  онкоемхана, 3 дәрігерлік амбулатория және аудан орталығында бір медициналық пункт ашылады. Жол картасы бойынша 7 объект жөнделеді», - деп жауап берді Ермек Маржықпаев.

Өзгелердің жаңалығы