Қандастарымыздың көшін тежеп тұрған кедергілер толық жойылған жоқ – депутат

27 Маусым 2019, 14:26
6117
Бөлісу:
Қандастарымыздың көшін тежеп тұрған кедергілер толық жойылған жоқ – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мəжіліс депутаты Кəрібай Мұсырман еліміздің ішкі және сыртқы көші-қон процестерін реттеу керек екенін айтты.


"Қазақстанға жыл сайын жақын және алыс шет елдерден ағылып келетін еңбекші мигранттар саны азаяр емес.  2018 жылы ішкі істер органдарында жұмысқа орналасу үшін 461,5 мың  адам тіркелген. Бұған қоса, жеке сапармен келген 1 миллион 277 мыңдай адамның және турист ретінде тіркелген 96,5 мыңдай адамның елеулі бір бөлігі елімізде заңсыз жұмыс істеген еңбекші мигранттар екендігі анық. Ал еліміздегі жұмыссыздық деңгейі, Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, кейінгі үш жылда еш өзгермей, 4,9% құрап, өткен жылы жұмыссыздар саны 443 мыңнан асқан. Демек, шет мемлекеттерден келген арзан жұмыс күшінің Қазақстанның еңбек нарығына тигізіп отырған теріс ықпалын жан-жақты зерттеп, зерделеп, тиісті шешімдер қабылдау қажет деп ойлаймын", - деді Кəрібай Мұсырман.
 
Депутаттың айтуынша, осы орайда Үкімет артық жұмыс күші бар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының тұрғындарын жұмыс күші жетіспейтін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына ерікті түрде қоныс аударуды қолға алып отырғандығы мәлім. Бұл жұмысты барынша ұтымды ұйымдастыру қажет. 

"Сонымен қатар, шет елдерде тұратын бірнеше миллион этникалық қазақтар атамекендері – Қазақстанға көшіп келуді армандайтындығы белгілі. Алыстағы ағайындардың өздерінің тарихи Отанына оралу жолындағы бірталай бөгесіндер алынғанымен, ұлы көштің қарқынын тежеп тұрған кедергілер толық жойылған жоқ. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында: «Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деп мәлімдеді. Міне, осындай ішкі және сыртқы көші-қон процестерінің заңдық тұрғыдан реттеуді қажет ететін көкейкесті мәселелері аз емес. Оларды шешу мақсатында Үкімет бүгін Сіздерге Заң жобасын ұсынып отыр", - деді ол.

Атап өтсек, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, Ішкі істер, Сыртқы істер, Қаржы, Әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.





Өзгелердің жаңалығы