Қазақстанда ана өлімі 13% азайды

19 Желтоқсан 2019, 11:53
1763
Бөлісу:
Қазақстанда ана өлімі 13% азайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкімет отырысында 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" мемлекеттік бағдарламасының қорытындыларын баяндады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес қоғамдық денсаулық қызметі құрылды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту аясында жалпы практика дәрігеріне жүктеме 16%-ға төмендеп, ауруларды басқару бағдарламасы енгізілді.

Елбасы тапсырмасын орындау шеңберінде дәрі-дәрмектің бағаларын реттеу енгізілді. 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу үшін дайындық жұмыстары жүргізілді, - деді Біртанов.

Министр медициналық қызметкерлердің жалақысы 30%-ға өсіп, дәрігерлер тапшылығы 2,7 есе азайғанын айта кетті.

Денсаулық сақтауға инвестициялар екі жарым есе өсіп, 147 млрд теңгеге жетті. 469 жаңа медициналық объект іске қосылды. Медициналық ақпараттық жүйелер барлық мемлекеттік медицина ұйымдарында енгізілді. Нәтижесінде денсаулық көрсеткіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 73 жастан асты. Жалпы өлім 2%-ға, ана өлімі 13%-ға, нәресте өлімі 4%-ға, туберкулезден өлім саны 41%-ға төмендеді. Қорытындылай келе, "Денсаулық" бағдарламасының негізгі мақсаттары мен міндеттері "орындалды" деп айтуға болады, - деді денсаулық сақтау министрі Үкімет отырысында.

Өзгелердің жаңалығы