Алты жас маманның бесеуі мемлекеттен көмек ала алмай отыр – депутат

26 Қараша 2020, 11:47
2337
Бөлісу:
Алты жас маманның бесеуі мемлекеттен көмек ала алмай отыр – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша моно қалаларға баратын мамандарға әлеуметтік көмектер берілмейтінін айтты.

Аталған бағдарламаны аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларда жүзеге асыруда бірқатар өзекті мәселе туындап отыр.

Атап айтқанда, шағын қалаларға жұмыс істеуге немесе тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына қолдау көрсету шаралары жүргізілмей жатыр. Еліміз бойынша 27 моно қалада 1,5 млн адам, ал 42 шағын қалада 1 млн адам тұрады. Яғни 69 қалада жалпы саны 2,5 млн адам бар, - дейді Бекболат Орынбеков.

Оның айтуынша, мәселен Жамбыл облысы бойынша 2010-2020 жылдары «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2025 маманға 6 млрд теңге несие беріліп, ауылды мекендерге 1789 маман нақты тартылған (1144 маман – білім беру, 402 маман – денсаулық сақтау, 59 маман – мәдениет, 45 маман – спорт, 6 маман – әлеуметтік қамсыздандыру, 133 маман – АӨК салаларында жұмыс істейді).

Дегенмен, облыстағы аудан орталықтары болып есептелетін Жаңатас, Қаратау қаласына жұмысқа орналасқан жас мамандардың (дәрігерлер) жұмыс орны «қала» статусының болуына байланысты барлық әлеуметтік көмектен шеттетілуде. Сонымен қатар бұл мәселе Шу ауданының орталығы Шу қаласына да қатысты. Бұл жағдай мамандардың ауылдық жерден кетуіне және мамандар тапшылығының одан әрі ұлғаюына әкелуде. Шу қаласына 2017-2018 жылдары келген 6 маманның бесеуі бюджет есебінен берілетін әлеуметтік көмекті алмауына байланысты жұмыстан кеткен, - дейді сенатор.

Ол Премьер-министр Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында қолданыстағы заңнама талаптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы аудандық маңызы бар моно және шағын қалаларда жұмыс істеу үшін келген жас мамандарға мемлекет тарапынан тағайындалатын әлеуметтік қолдау шараларының өз деңгейінде қамтамасыз етілуіне қолдау көрсетуін сұрады.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында төрағаның орынбасары Нұрлан Әбдіров автожол саласындағы проблемаларды көтеріп, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.

Өзгелердің жаңалығы