Алматы, BAQ.KZ. Желіде Алматы қаласы Алатау ауданында атыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша бес адам қаза тапқан.
Instagram-дағы kris.p.almaty.official паблигінде оқиға орнында түсірілген видеолар тарады. Аталған парақшаның мәлімдеуінше, атыс Алатау ауданындағы Ақбұлақ шағын ауданында болған.
Қожайын сот орындаушы мен учаскелік полицияны атып тастады. Қазіргі сәтте 5 адам қаза тапты. 2 учаскелік полиция, 1 сот орындаушы және екі бейбіт азамат. Қазір онда арнайы жасақ келді, - делінген инстаграмдағы парақшада.
Алматы қаласы ПД-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, соттың үкімін орындау барысында 5 адам қаза тапқан, оның екеуі полиция қызметкері.
Бүгін сағат 17.00 шамасында «Ақбұлақ» ықшамауданында қайғылы жағдай орын алды. Жеке меншік үйдің бірінен көшіру жөніндегі соттың үкімін орындау барысында 1967 жылы туған азамат қарсылық көрсетіп, сот орындаушы, полиция және ТЖД-і қызметкерлеріне қарсы оқ атты. Қызметтік міндетін атқару барысында бес адам қаза тапты, оның ішінде екеуі полиция. Қайғылы жағдайға байланысты марқұмдардың туыстарына қайғыра көңіл айтамыз, - делінген хабарламада.Сондай-ақ күдіктінің ұсталғаны да айтылды. Қазіргі уақытта жағдай бақылауға алынып, қылмыстық іс қозғалған.