Алматыдағы Қытай азаматтары жұмыс істейтін көпшілік орындар күнде тексеріледі

28 Қаңтар 2020, 13:55
2830
Бөлісу:
Алматыдағы Қытай азаматтары жұмыс істейтін көпшілік орындар күнде тексеріледі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы поликлиникада 2222 Қытай азаматы тіркелген. Қытай азаматтары жұмыс істеп жатқан дүкендер, мейрамханалар күнделікті тексеріліп отырады.

Бұл туралы Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Айзат Молдағасымова брифинг барысында айтты.

Комитет басшысы Қазақстан шекаралас көрші елдермен тығыз байланыс орнатқанын айта келе, Алматыға көрші елдерден аптасына 13-20 дейін рейс келетінін жеткізді. 

Қытайдан  келгендердің барлығы термометрия арқылы тексерістен өтеді. Онда адам бойындағы температура мен вирустар тексеріледі. Сонымен қатар, қалаға кірген жолаушылардың барлығы қатаң медициналық бақылауға алынуда. Ұшақ жолаушыларының жағдайын әуеде тексеру қолға алынған, оны бортсеріктер іске асырады. Егер жолаушыда аурудың қандай да бір белгісі болса, ол бірден әуежайға хабарланады. Ұшақ қонған кезде біздің санитар мамандар оны күтіп алады. Алматы әуежайында қауіпті вирусты жұқтырған адамдарды қарайтын арнайы екі зал жасақталды, - дейді Айзат Молдағасымова. 
Сонымен қатар, ол осы уақытқа дейін Қытайда білім алып жатқан 17 студент келгенін, олар да дәрігерлердің қатаң бақылауында екенін айтты.
Қытайдан келіп жатқан студенттер, турист болып барып келген өз азаматтарымыз бар. Олардың ешқайсысынан қауіпті вирус анықталмады. Осы айдың 29-30 күндері қытайдағы студенттеріміз демалысқа шығып, елге орала бастайды. Сондықтан күшейтілген жұмыс режиміне көшіп жатырмыз. Оның үстіне Алматыдан Қытайға 4 пойыз жүреді, ондағы жолаушылар да қатаң тексерістен өтіп жатыр, - деді ол. 
Жиын барысында маман "коронавирустың алдын алу үшін не істеу керек?" деген сұраққа да жауап берді.
Біріншіден адам қолын үнемі жуып, таза ұстауы керек және отырған бөлме терезесін жиі-жиі ашып, ауаны тазартып отыру қажет. Егер тұмау немесе суық тигізген болсаңыз жұмысқа бармай емделгеніңіз жөн. Сондай-ақ адам көп жиналатын жерге  бармауға тырысыңыздар, - деді ол. 

Айзат Молдағасымованың айтуынша, қауіпті вирусқа әсіресе иммунитеті төмен ересек адамдар мен тыныс алу жолында созылмалы ауруы бар адамдар тез шалдығады екен.

Оның алғашқы белгілері әдеттегі вирусты аурулар сияқты. Алдымен адамның ыстығы көтеріледі және тыныс жолдары ауырады. Соңғы кезде жүрек айну мен диарея сияқты белгісі шыға бастаған. Қауіпті вирусты жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп отыр. Қытайдан өзге он елде осы ауруға шалдыққандар анықталды, - деді ол.

Коронавирус жаңадан пайда болған өте қатты инфекциялық ауру. Оған 2019-nCoV атауы берілген. Бұл вирусты жұқтырғандар алғаш 2019 жылдың желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында анықталды.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда коронавирустың жаңа типіне шалдыққандардың жалпы саны 4515-ке жетті, оның 106-сы қайтыс болды, елімізде  4 адам ауруханаға жіті респираторлық вирустық инфекция диагнозымен жатқызылғаны туралы хабарлаған едік. Сонымен қатар, елордада Қытайдан ұшып келген қыз ауруханаға жатқызылған болатын. Сондай-ақ Құл-Мұхаммед коронавирусқа қатысты маңызды мәлімдеме жасаған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы