Алматыдағы блок-бекеттер әзір алынбайды – әкімдік

25 Мамыр 2020, 16:44
2275
Бөлісу:
Алматыдағы блок-бекеттер әзір алынбайды – әкімдік
Фото: ашық дереккөз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қалада карантин жағдайы сақталуда, соған байланысты бетперде кию режимі енгізіліп отыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, қазір полиция мен аудандық әкімдік қызметкерлері халыққа вирустың таралу қаупі әлі сейілмегенін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 
Маска киіп жүрмесек, коронавирус кеңінен тарай береді. Әр азамат өз жауапкершілігін түсініп, халық көп жиналған жерге маскамен барғаны дұрыс. Егер халық қауіпсіздікті сақтамаса, шектеулер мен айыппұл салу сияқты жазалау шараларын қолданамыз. Құзырлы орган өкілдері қоғамдық жерлерде, сауда орындарында адамдар арасындағы қашықтықты сақтауды жіті тексеріп жүр, - деді әкім орынбасары. 
Сонымен қатар, ол қалаға кіреберістегі блок-бекеттердегі көлік кептелісіне қатысты түсінік берді.
Бүгіннен бастап көптеген сауда орындары жұмысын қайта бастады. Соған байланысты сырттан келіп жұмыс істейтіндер қатары да, көлік легі де артты. Блок-бекетте тексеріс жүргізетін полиция қызметкерлерінің санын арттырып, қосымша планшеттер берілді. Дегенмен қалаға тек рұқсаты бар адамдар кіргізіледі. Қазір сырттан келіп жұмыс істейтін 250 мыңдай адам мәліметтер базасына енгізілген. Оның үстіне, саяжайға баратындарға рұқсат берілген. Соның бәрі блок-бекетте үлкен кептеліс тудырып отыр, - деді Қожағапанов.
Сөз арасында ол қала кіреберісіне қойылған блок-бекеттер жұмысы жалғаса беретінін айтты.
Егер қазір блок-бекетті алып тастасақ, облыс пен қала арасындағы халық ағынын бақылай алмай қаламыз. Бұл коронавирустың кең таралуына әкеледі. Сондықтан біз оған жол бермеу мақсатында блок-бекеттерді ұстап отырмыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы