Алматыда сәуірдің 24 күні өтетін митингке рұқсат берілмеді

23 Сәуір 2021, 17:42
1886
Бөлісу:
Алматыда сәуірдің 24 күні өтетін митингке рұқсат берілмеді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының прокуроры Б.Қ. Жүйріктаев әлеуметтік желілерде тараған жоспарланған санкцияланбаған митингке байланысты үндеу жасады.

Қала прокуроры арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырды.

Оның айтуынша, қала әкімдігіне 24 сәуірде митинг өткізу туралы өтініш келіп түскен. Алайда шаһар басшылығы халық арасындағы коронавирус жұқтырудың алдын алу мақсатында акция ұйымдастыруға рұқсат бермеді. Осы орайда прокурор заңсыз акцияларға қатысқандар бірнеше бап бойынша жаза арқалайтынын ескертеді.

Құрметті Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары! Әлеуметтік желілерде жеке тұлғалар Алматы қаласында 2021 жылғы 24 сәуірге жоспарланған санкцияланбаған митингке қатысуға шақыруды таратуда. Қала әкімдігі акцияны ұйымдастырушыға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупінің сақталуына және Бас санитарлық дәрігердің бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салуына байланысты оны өткізуден бас тартты. Алматы қаласының прокуратурасы мұндай акциялар өткізілген жағдайда қатысушылардың іс-әрекеттері «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді. Құқық қорғау органдары тәртіп бұзушыларға әрекет етуге және шаралар қабылдауға міндетті болады, - деді прокурор.

Ол осындай акцияларға шақыру, ұйымдастыру және қатысқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілік туындайтынын атап өтті.

Егер бұл әрекеттер елеулі залал келтірсе, онда кінәлілер Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Бас санитарлық дәрігердің талаптарын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Егер заңсыз акция өткізу жаппай ауруға немесе коронавирустық инфекцияны жұқтыруға себеп болса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Заңнама талаптарын мүлтіксіз сақтауға, арандатушылыққа бой алдырмауға және заңсыз акцияларға қатысудан бас тартуға шақырамын, - деп атап өтті ол.
Өзгелердің жаңалығы